Қазақстан жаңа конституциялық кезеңнің алдында тұр. Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген жаңа Конституция жобасы бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып, түрлі сараптамалық алаңдарда қызу пікір алмасуға негіз болып отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаевтың пікірінше, ұсынылып отырған құжат қоғамның өзекті сұраныстарына толық жауап береді.
Қоғам үні ескерілген құжат
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында ашықтық пен жариялылық қағидаттары басты назарда болды. Азаматтар өз ұсыныстарын жолдап, талқылауларға белсенді қатысты. Бұл – Негізгі заңның шынайы халықтық сипат алуына мүмкіндік берген маңызды фактор.
«Конституция – бұл тек құқықтық акт емес, ол қоғамның даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Сондықтан оның мазмұны бүгінгі әлеуметтік, саяси және экономикалық талаптарға сай болуы қажет. Ұсынылып отырған жоба дәл осы қажеттіліктерді ескереді», – деді Серік Егізбаев.
Әділеттілік пен теңгерім қағидаты
Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасында билік тармақтарының теңгерімі мен өзара жауапкершілігіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, заң үстемдігін нығайтуға ықпал етеді.
Оның пікірінше, құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған нормалар нақты көрініс тапқан. Әсіресе, әділеттілік қағидатын орнықтыру, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайту және өңірлік дамуды қолдау мәселелері маңызды орын алады.
Ауыл мүддесі – назарда
«Ауыл» партиясының фракция жетекшісі ретінде Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасында ауылдық аумақтарды дамыту, аграрлық секторды қолдау және өңірлік саясатты жетілдіру бағыттарына мән берілгенін ерекше атап өтті.
«Ауыл – ел тірегі. Сондықтан мемлекеттік саясатта ауыл тұрғындарының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жаңа Конституция жобасы осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге негіз қалайды», – деді ол.
Сенім мен тұрақтылықтың кепілі
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция қоғам сенімін нығайтып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Қоғамдық келісімді сақтау, азаматтық диалогты дамыту және мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыру – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі кепілі.
Алдағы референдум – халықтың өз таңдауын жасауына берілген тарихи мүмкіндік. «Әр азамат ел болашағына бейжай қарамай, белсенділік танытуы тиіс. Конституция – баршамызға ортақ құжат. Оның қабылдануы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне нық қадам басуына жол ашады», – деп түйіндеді Серік Егізбаев.




