Париж қаласының орталық алаңдарының бірінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Қазақ ауылы» – Village Kazakh атты мәдени фестиваль ұйымдастырылды. Аталған іс-шара француз жұртшылығына қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен таныстыруға бағытталды.
Фестиваль аясында қазақтың дәстүрлі киіз үйі тігіліп, келушілерге халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мен қолөнері насихатталды. Сонымен қатар, ұлттық музыка мен би өнері ұсынылып, қазақтың бірегей мәдениеті сахналық қойылымдар арқылы көрініс тапты.
Іс-шара барысында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, олардың дайындалу ерекшеліктері туралы мәлімет берілді. Бұл өз кезегінде француз қауымының қазақ асханасына деген қызығушылығын арттырды.
Фестивальге келген шетелдік қонақтар қазақ халқының қонақжайлығы мен мәдениетінің ерекшеліктеріне жоғары баға беріп, өз әсерлерімен бөлісті. Шара аясында Франциядағы меншікті тілші келушілермен сұхбат жүргізіп, олардың пікірлерін назарға ұсынды.
Жалпы, «Қазақ ауылы» фестивалі Қазақстанның мәдени имиджін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал еткен маңызды мәдени шаралардың бірі болды.




