Қаламызда шығармашылықты дамытуға бағытталған бастамалардың қатары артып келеді. Солардың бірі – ересектер мен балаларға арналған шығармашылық курстарды, сондай-ақ қыш өнері бойынша гончарлық шеберханаларды ұсынатын @oner_academia – Өнер академиясы. Академия үшін өнер – жай ғана бос уақытты тиімді өткізу құралы емес, ұлттық мәдениеттің жаңғыруы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт.
Өнер академиясында балалар мен ересектерге арналған бейнелеу өнері курстары, мүсін жасау, қыш бұйымдарын дайындау бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар академия мамандары тапсырыс бойынша картиналар мен мүсіндер жасап, шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, көрмелер ұйымдастырумен және брендтеу жұмыстарымен де айналысады.
Академия ұжымы облыс орталығында өткен қала күніне арналған, қаланың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шағын көрмеге алғаш рет қатысты. Аталған көрме аясында өңір басшысы – Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспекұлы Әбдіғалиұлының портреті арнайы жазылып, көрермен назарына ұсынылды.
Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары өнер туындыларымен жақын танысып, заманауи және дәстүрлі бағыттағы тың шығармашылық жұмыстарды тамашалады. Академия өкілдерінің айтуынша, көрмеге қатысу олар үшін мазмұнды әрі нәтижелі болып, жаңа идеялар мен шығармашылық шабыт сыйлаған.
Өнер академиясы алдағы уақытта да мәдени бастамаларға белсене қатысып, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға және ұлттық өнерді дәріптеуге өз үлесін қоса бермек.




