Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-министр Мемлекет басшысының экономиканы одан әрі нығайту жөніндегі тапсырмаларына және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық мақсаттарға сәйкес, Үкімет тарапынан 2025 жылы жүйелі реформаларға бағытталған нақты шаралар қабылданғанын атап өтті.
Оның айтуынша, салық, тарифтік және бюджеттік саясатта, цифрлық және құрылыс салаларында, сондай-ақ әлеуметтік бағытта қабылданған шешімдер экономиканың дамуын тежеп отырған құрылымдық теңгерімсіздіктерді кезең-кезеңімен жоюға бағытталған.
Атап айтқанда, жүргізілген салық және бюджеттік реформалардың нәтижесінде Ұлттық қордан мақсатты трансферттерсіз үш жылдық бюджет қалыптастырылды. Бюджет тапшылығын 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,9%-ға дейін қысқарту көзделіп отыр. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы **34%-ға дейін төмендейді.
Жүргізілген реформалар аясында 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының орнықты өсімі сақталғаны атап өтілді. Ақшалай мәнде жалпы ішкі өнімнің өсімі 20,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады. Экономикалық өсім негізгі салалардың қарқынды дамуымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, көлік саласы – 17,8%-ға, құрылыс – 14,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%-ға, сауда – 26%-ға, ал ауыл шаруашылығы – 5,9%-ға өсті.




