Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналды. Бұл жолғы конституциялық реформа ең алдымен ашықтығымен, жариялылығымен және қоғамның кеңінен қатысуымен ерекшеленді. Негізгі заң – мемлекеттің іргетасы болғандықтан, оны қабылдау үдерісі де барынша айқын, түсінікті және халыққа жақын форматта ұйымдастырылды.
Жоба әзірлену барысында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, түрлі диалог алаңдарында, сараптамалық ортада және әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Бұл азаматтарға құжаттың мазмұнымен еркін танысып, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік берді. Ұзаққа созылған қоғамдық талқылау нәтижесінде тұрғындардан 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Бұл – қоғамның Негізгі заңға деген бейжай қарамайтынын, ел болашағына қатысты шешімдерге белсенді қатысуға дайын екенін көрсетеді.
Келіп түскен ұсыныстар тек формалды түрде тіркеліп қоймай, мазмұндық тұрғыдан сараланып, орынды деп танылғандары жобаға енгізілді. Талқылау қорытындысы бойынша техникалық түзетулермен қатар, бірқатар мазмұндық толықтырулар да жасалды. Осылайша, қоғамдық пікір конституциялық үдерістің ажырамас бөлігіне айналды.
Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Бұл жиын жобаны түпкілікті бекітуге арналған шешуші кезең болды. Отырыста терең талқы-таразы жүріп, қызу пікірталастар орын алды. Әрбір сөз майшаммен қаралып, әрбір тұжырым құқықтық, терминологиялық және идеологиялық тұрғыдан сараланды. Кейбір баптар бойынша түрлі сала мамандары арасында пікір алмасу қыза түсті. Тіпті бір сөздің қолданылуына қатысты кәсіби талқылаулар туындаған жағдайлар да болды.
Мұндай мұқият жұмыс – құжат сапасына деген жоғары талаптың айғағы. Себебі Конституция – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да өміріне ықпал ететін стратегиялық құжат.
Негізгі отырыстармен қатар, арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде қызмет атқарды. Идеологиялық, терминологиялық және заңдық бағытта жұмыс істеген топтар күнделікті негізде мәтінді жетілдірумен айналысты. Конституционалист мамандар, білікті заңгерлер, құқықтанушылар және тіл мамандары құжаттың мазмұндық тереңдігі мен құқықтық нақтылығын қамтамасыз етуге атсалысты.
Бұл көпсатылы сараптама жобаның жан-жақты әрі теңгерімді болуына мүмкіндік берді. Әртүрлі өңірлер мен кәсіби салалардың өкілдерінің қатысуы ұсынылған өзгерістерге кең көзқараспен қарауға жол ашты.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеуде мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты сақтау басты қағидаттардың біріне айналды. Азаматтардың ұсыныстары, сарапшылар пікірі, қоғамдық талқылаулар – барлығы бір арнаға тоғыстырылды. Бұл тәсіл реформаның мазмұнына деген сенімді нығайтып, оның легитимділігін арттыра түседі.
Құжатпен жұмыс істеудің ашық форматы азаматтардың өздерін ел тағдырына қатысты шешімдердің белсенді қатысушысы ретінде сезінуіне мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе саяси мәдениеттің дамуына және қоғамдық жауапкершіліктің артуына ықпал етеді.
Комиссияның соңғы отырысында түпкілікті редакция бекітіліп, Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды. Президент атқарылған жұмыстың ауқымын ерекше атап өтіп, комиссия мүшелеріне кәсіби әрі жауапты еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – конституциялық реформаның шешуші кезеңі. Енді жаңа Негізгі заңның тағдырын бүкіл халық айқындайды.
Жаңа Конституция – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ашық талқылау, кәсіби сараптама және қоғамдық ұсыныстарды ескеру үдерісі құжаттың мазмұндық сапасын арттырды.
Алдағы референдум – тек құқықтық рәсім ғана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи қадам. Енді еліміздің жаңа Конституциясын сіз бен біз болып бірге қабылдаймыз. Бұл – ортақ жауапкершілік пен ортақ болашақ жолындағы шешім.




