Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, оның тек жекелеген түзетулер енгізілген құжат емес екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру және қоғамдық сананы жаңғырту екенін хабарлады.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасына ел үшін аса қажетті әрі заман талабына сай озық нормалар енгізілген. Бұл құжат эволюциялық, табиғи жолмен дамуды қамтамасыз етіп, елдің ырыс-ынтымағы мен берекесін сақтауға бағытталған. Мемлекет басшысы: «Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ», – деп атап өтті.
Жаңа Конституция Қазақстанның тың қарқынмен дамуына, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады. Бұл құжат елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді деп сенім білдірілді.
Президент атап өткендей, Ата Заңға қатысты түпкілікті шешім тек жалпыұлттық референдумда қабылданады. Бұл – халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асатын тарихи маңызды процесс.
Жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық құжат болып табылады.




