Ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының XXXIV чемпионатының Жоғарғы лигадағы 3-айналым ойындары жоғары деңгейде өтті. Тартысты бәсекелермен қатар, спорттық шара аясында маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асырылды.
Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен жарысқа жиналған жанкүйерлер мен спортшыларға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру материалдары таратылды. Арнайы дайындалған брошюраларда қоғам қауіпсіздігін сақтау, радикалды идеологиялардың зияны және олардың алдын алу жолдары жөнінде мәліметтер қамтылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ теріс ағымдардың ықпалына қарсы иммунитетті күшейту. Ұйымдастырушылар спорт алаңы тек жарыс өтетін орын ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеретін тиімді алаң екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары әсіресе жастар көп жиналатын ортада өткізілуі үлкен маңызға ие. Бұл қоғамның сергектігін арттырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Спорт – елді біріктіретін күш. Бірлік пен татулықты ту еткен мұндай бастамалар бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған ортақ қадам болып табылады.
Бейбіт ел, жарқын болашақ үшін бірге болайық!




