Ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған поэзия челленджі өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық әскери гарнизондары бұл игі бастамаға белсенді қатысып, ақын шығармашылығын ұлықтауға өз үлестерін қосты.
Жыр челленджіне қатардағы жауынгерден бастап жоғары шенді генералдарға дейін атсалысты. Сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен әскери оқу орындарының курсанттары Мұқағали жырларын тебірене оқып, поэзияға деген құрметтерін білдірді. Бұл бастама әскери ортадағы рухани тәрбие мен патриоттық құндылықтардың сабақтастығын айқын көрсетті.
Челлендж барысында ақынның «Үш бақытым», «Елім барда», «Соғады жүрек», «Отан туралы» сынды елдік пен ерлікке үндейтін өлеңдері кеңінен оқылды. Әсіресе Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет тақырыбындағы жырлар әскери қызметшілердің жүрегінен ерекше орын алды.
Мұқағали поэзиясы – тек әдеби мұра ғана емес, ол – ұлт рухын көтеретін, елдік сананы бекемдейтін асыл қазына. Әскерилердің ақын шығармашылығына ден қоюы – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Бұл челлендж сарбаздардың бойында патриоттық сезімді арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті нығайтты.
Мұзбалақ ақынның туған күнінде жыр эстафетасы айрықша әсерлі сәтпен қорытындыланды. Қорғаныс министрлігі Орталық әскери ансамблінің ерлер хоры Мұқағалидың «Отан» өлеңін орындап, поэзия мерекесіне салтанатты нүкте қойды. Күмбірлеген дауыс, жүректен шыққан шынайы сезім – бәрі де көрерменге ерекше рух сыйлады.
Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған бұл поэзия челленджі әскери ортада үлкен серпіліс тудырып, ақын мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Ұлт руханияты мен әскери тәртіп ұштасқан тағылымды шара ел бірлігін, отансүйгіштік қасиетті тағы бір мәрте айшықтап берді.




