Көктем мезгілінің жақындауына байланысты өңірде су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты мекемелер дайындық жұмыстарын пысықтап, қауіпсіздік шараларын бақылауға алды.
Жиын барысында ТЖД бастығының орынбасары Шыңғыс Сәмиев су басу қаупінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, өзен-көлдердегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде, қардың қалыңдығы мен топырақтың ылғалдылығы сарапталуда. Сонымен қатар, елді мекендер маңындағы арық-атыздар тазартылып, су өткізу арналары кеңейтілуде.
Шыңғыс Сәмиев тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып, төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел қызметтердің нұсқауларын қатаң орындау қажеттігін атап өтті. Арнайы техника мен инертті материалдар қоры дайындалып, қауіпті аймақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Өз кезегінде жауапты сала басшысы Дастан Рыспеков барлық алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ол су тасқынының алдын алу – басты міндеттердің бірі екенін айтып, әрбір мекеменің үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, эвакуациялық жоспарлар жаңартылып, халықты хабардар ету жұмыстары жандандыру керектігін ескертті.
Қазіргі таңда өңірде су тасқынына қарсы кешенді жұмыстар жалғасуда. Мамандардың айтуынша, дер кезінде қолға алынған алдын алу шаралары төтенше жағдайдың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




