Осындай ән жолдары бар емес пе? Мен де бүгін әкемді айтып мақтанңғым және оның ғибратқа толы өмірін көпке үлгі – өнеге еткім келеді.
Өзім ата атанып, немере сүйген кезім болса да әкемді жиі еске аламын. Менің әкем Мұқанбетжан Сембеков, негізі әкесінің аты Үмбет, бірақ, сол кезде аталас әулеттің оты өшпесін деп тұңғыш ұлдың тегін солай жаздырған екен. Нағыз жастық шағы соғыс кезіне тура келсе де, милицияда жұмыс істеп жүргесін, әскерге шақырылмапты. Әкеміз 1915 жылғы, одан екі жас кіші інісі Сейітжан соғыс басталысымен майданға аттанып, 1945 жылдың күзінде ғана елге оралған. Ата бабамыздың атақонысы- Алғабас ауылы.
Үмбет атамыздың үш баласы болған, үлкені менің әкем- Мұқаш ( шын аты- Мұқанбетжан), екінші ұл - Сейітжан, үшінші қызы - Қамажай. Бәйбішесі өмірден ерте озғасын, кейін Шәрбан атты әйелді алған. Біз өз әжемізді көрген жоқпыз. Кіші әжеміз Шәрбанды еміс- еміс есімізге түсіреміз.
Әкеміз қызметте абыройлы болды. Қарсақбайда милицияда қызмет етіп жүргенде алғашқы марапатын алған. Анамызбен де қызмет кезінде танысып, үйленген екен. Соғыс кезінде той тойлап жүретіндей емес әрі жұмысы да жауапты, көңілдері жарасып, анамыз Әнузаға сөз салып, отау көтерген.
1953 жылы Қарсақбайдан Рудникке көшіп келіп, шахтаға жұмысқа тұрады. Жер астындағы қиын еңбектің ауырлығын қайыспай көтерген, еңбегінің жемісін де көрген. Төккен тері мен білімінің арқасында депутат та болған. Біз отбасында үш қыз және жалғыз ұлы яғни, мен - Тұрсынбек болдық. Үлкен апайым Шекер, одан кейін Шәку , өзіммен тетелес апам Жұмакүл, кенжесі өзіммін.
Әкем депутат болып сайланғасын Қарағандыға жиналысқа барып жүреді екен.Сонда Жұмакүл апайым сұрағандарға тілі келмей, «әкем Қараңқалғырға кетті» дейді екен. 1966 жылы әкеміз бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетіп, ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тағады.

Негізі милиция мен шахтадағы жылдары есептеліп, 55 жаста зейнетке шығады. Сол жылы қартайған әкесін ойлаған болу керек, отбасымен Алғабасқа көшіп барады. Зейнеттемін деп қол қусырып отырмайды, қой төлдетуге , мал шаруашылығын өркендетуге атсалысады. Кейін ауылдағы кеңсеге күзетші болады. Маңайына өз қолымен бірнеше түп тал егіп, жайнатып қояды. Өзінің туған ауылының кескін келбетінің қаладан кем болмасын дегені болу керек. Әлі күнге әкеміз отырғызған талдар сол ауылға сән беріп, жайқалып өсіп тұр. Балалар өсіп, жоғары оқу оқимыз деген кезде, ауылда 12 жылдай тұрған отбасымыз сол кездегі кеншілер қаласына, қазіргі Сәтбаевқа қоныс аударады. « Жезқазғантүстіметалл» комбинатындағы басшыларына барып жолығып, бұрынғы шахтада істеген еңбегі ескеріліп, екі бөлмелі үй алады. Сол үйде өмірден өткенше тұрды. Қыздарын қияға қондырды, мені аяқтандырды. Өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзбеді. Соңғы жылдары КГБ («Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде») күзетші болып жұмыс істеді. « Еңбек ардагері» медалін алды.

Өткенге көз жүгіртсем, әкемнің қолынан келмейтіні жоқ еді, тас қалайтын, пеш соғатын, тұрған жеріне ағаш отырғызатын. Көпшілік бас қосқан жерде сөз алғанда бәрі ұйып тыңдайтын, әңгімені жақсы айтатын, көргені көп, өмірден түйгені мол азамат болғандығынан шығар, өзгелерден оқ бойы озық тұратын. Інісі Сейітжан да, қарындасы Қамажай да әкемнің алдында өмірден өтті, олардың қайғысы да жүрегіне күш түсіргені анық. Көпке көмегін аямайтын. Ақан көкеміз өмірден өткесін, ол үйдегі Ақжарқын әжемізге үнемі қарайласып тұрды. Күйеубаласы Бектемірді ертіп барып, көп жұмыстарын істеп беретін. Інісі Сейітжан өмірден өткесін, Теректі ауылына барып, шаңырақта қалған Базаркүл мен Бекзатты көріп, бауырын еске алып отыратын. Ол кезде інісінің тұңғыш ұлы Зият КГБ -да қызмет атқаратын, одан кейінгі қызы Зиягүл тұрмысқа шыққанда да әкесін жоқтатпай, тойда бас құда болып, анамыз Әнуза екеуі төрде отырды.Кенже болғасын Бекзаттың еркелігін көтеретін, журналистика факультетінде оқып жүрген Базаргүлден үлкен үміт күтетін.
Әкеміз бен анамыз берген тәрбие бізді де алға жетеледі. Жалғыз ұл болғасын әкенің жолын қудым, еңбек жолымды милицияда бастадым, кейін шахтаға ауыстым, сол жерден демалысқа шықтым. Бүгінде өсіп- өнген әулетпіз. Шекер апамның 5 баласы бар, Шәкуде 3 бала, Жұмакүлдің 3 баласы, өзімнің 5 қызым бар. Қыздарымның бәрін сүйікті жарым Бейсенкүл екеуміз мәпелеп өсіріп, құтты орындарына қондырдық. Қазір бес қызымнан 15 немере сүйіп отырмыз.
Мұқанбетжан әкемнің кіндігінен тараған үш қыз, бір ұлынан жиендерді қосқанда, бүгінде 16 немере, 7 шөбере бар екен. Ақылшы асқар тауым - әкемді әркез есіме аламын, балаларым мен немерелерімнің бойынан әкеме тән қасиеттерді іздеймін. Жақсы жетістіктерге жеткенін естісем, марқаямын. Апаларым қара шаңырақтағы маған әрқашан алаңдайды, мейірімдерін төгеді, бәріміз бір - бірімізге қамқормыз, мұның бәрі жүз мектеп бере алмайтын- әкеміздің өнегесі деп білемін.

Тұрсынбек МҰҚАНБЕТЖАНҰЛЫ,
Сәтбаев қаласы.




