2026 жылғы 11 ақпанда Астана қаласында Еуразиялық интеграция институтының (ЕИИ) «Ашық саясат» сараптамалық клубы алаңында «Конституция–2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері жан-жақты талқыланып, елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттары сараланды.
Сараптамалық алаңда мемлекеттік басқару жүйесінің трансформациясы, бір палаталы парламенттің қызметі, партиялық жүйені дамыту, сондай-ақ саяси жаңғыртудың өзге де маңызды бағыттары көтерілді. Жиынға сарапшылар, ғылыми қауымдастық өкілдері және қоғамдық институт мүшелері қатысты.
Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов өз сөзінде Конституция жобасының қоғамда кеңінен және белсенді талқыланып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, құжат түрлі диалог алаңдарында, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және сарапшылар ортасында жан-жақты қарастырылған.
Ұсыныстар әзірлеу мақсатында арнайы Жұмыс тобы құрылып, кейін депутаттар, заңгерлер және басқа да сарапшылар енген Конституциялық комиссия жұмыс істеді. EGov және eOtinish платформалары арқылы азаматтар мен ұйымдардан екі мыңнан астам өтініш келіп түскен. Талқылаулар нәтижесінде 30 қаңтарда жаңа Конституция жобасы жарияланып, түпкілікті түзетулер енгізілгеннен кейін Мемлекет басшысына ұсынылды. Президент референдум күнін 15 наурызға белгілегені белгілі.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция елді одан әрі саяси жаңғыртуға бағытталған және бұған дейін басталған реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, басқару сапасын арттыруға және саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған.
Пікірталаста партиялық жүйені дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығының басшысы Жақсыбек Жиенәлиев пропорционалды жүйеге көшу партиялық өрістің дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бір палаталы парламенттің пропорционалды негізде құрылуы саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, жаңа партиялық бастамалардың пайда болуына жол ашуы мүмкін.
Сонымен қатар, делиберативті демократияны дамытудағы Қазақстан Халық кеңесінің рөлі кеңінен талқыланды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова бұл орган азаматтық қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттыратынын айтты. Оның пікірінше, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер және өңірлік өкілдер арқылы түрлі әлеуметтік топтардың мүддесі кеңінен қамтылады.
Парламентаризм институтының бас маманы Нұржан Сәулен Халық кеңесін сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар үшін маңызды пікір алмасу алаңы ретінде бағалады. Ол болашақта бұл институт заң шығару процесін жеделдетуге ықпал етуі мүмкін екенін айтып, оның қызметін нақты регламенттейтін құқықтық тетіктерді айқындау қажеттігін атап өтті.
Жиында ғылым мен инновацияны конституциялық деңгейде бекітудің маңызы да сөз болды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дінмұхаммед Ғали білім, ғылым және инновацияға басымдық беру адами капиталды нығайтуға және экономиканы технологиялық жаңғыртуға жол ашатынын айтты. Оның пікірінше, бұл қадам елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, білім мен ғылымға негізделген экономика құруға мүмкіндік береді.
Сараптамалық клуб отырысының қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Кездесу жаңа Конституция жобасын талқылауға сарапшылық үлес қосып, саяси жаңғыру үдерісіне қоғамдық қолдауды арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.




