Қазақстан бүгінде тарихи маңызы бар өтпелі кезеңге қадам басты. Ел болашағын айқындайтын ауқымды саяси және құқықтық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістер мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртып, қоғамның сұранысына сай жаңа сапа қалыптастыруды көздейді.
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі бағыттарына арнайы тоқталды. Бұл бастама қоғамда кең қолдау тауып, қызу талқылауға ұласты.
Соңғы жарты жыл ішінде Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүрді. Азаматтар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар өз ұсыныстарын ортаға салды. Осы пікірлерді жүйелеп, саралау мақсатында 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды.
Комиссияның құрамы кәсіби деңгейі мен ауқымы жағынан еліміз үшін теңдесі жоқ. Айта кетерлігі, бұл жолы комиссия құрамына шетелдік мамандар енгізілген жоқ, яғни реформа толығымен отандық сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылуда.




