- Қайрат Абдоллаұлы, Жаңа жыл басталды. Бұл тек алға көз салу емес, өткенді тағы бір мәрте сүзгіден өткізу деп ойлаймын. Сондықтан да өткен жылғы қала бюджеті, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен өндірістің даму деңгейін биылғы жылғы жоспарлармен жалғастырып отырсақ...
- Қаланың жағдайы, атқарылған істер мен алға қойған жоспарларымыз жөнінде сұхбаттасуға шақырғаныңыз үшін көп рахмет! Жаңа Жыл баршамызға жақсылық жылы болсын!
Енді сұраққа ойыссақ. Өткен жылы қаланың нақтыланған бюджеті 57,1 млрд.теңге болды, ал, мұның ішінде өз кірісіміз 36,9 млрд.теңгеге орындалды. Бұл жөнінен жоспар орындалды. Біз биылғы жылы былтырғы деңгейден төмендеп кетпеуді жоспарлап отырмыз. Ал, жоспар жайдан жай жасала салмайды. Барлық салық мүмкіндіктері есептеледі.
Сіз бір сұраққа бюджет, инвестиция, кәсіпкерлік, өндіріс туралы мәселелерді бекер біріктірмеген боларсыз. Өйткені, бұлар бір-бірімен жапсарлас, бірін – бірі толықтыратын дүниелер.
Айталық, 2025 -2027 жылдары қалада 10 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар 204,4 млрд. теңге құрайды.
Өткен жыл бұл ретте біз үшін табысты , нәтижелі болды деп айта аламыз. Өйткені, он жобаның тең жартысы, яғни, 5 жобаны жүзеге асыра алдық.
- Нақтылап, қандай жобалар екенін айтып өтесіз бе?
- Неге айтпасқа? Мысалы, Геологиялық кластерді алайық. Бұл әлемдік деңгейдегі сирек кездесетін ірі жобалардың бірі. Құны 7,0 млрд. теңгені құрады, мұнда 150 жұмыс орны пайда болды. Сондай –ақ, «Mezgilder Qushteri» ЖШС – нің Жезқазған/Сәтбаев қалаларында 100 МВт ЖЭС салу, «Ulytau Industrial Company» ЖШС-нің жеке қорғаныс құралдарын өндіру, «PetroRetail PFS» ЖШС-нің мұнай базасын салу және «Ярмак» ЖШС-нің мейманхана құрылысын ендігі жерде жоба емес, нақты ақиқатқа айналған қалаға құйылған инвестицияның игіліктері деп атауға болады.

Биылғы жылы сәтін салса, гранит және металлконструкция бұйымдарын өндіретін қос зауыт іске қосылады. Қазіргі кезде жұмыс жақсы жүріп жатыр. Өзіңіз білесіз, Жезқазғанда көптеген жылдар бойы нақты өнім өндіруге көңіл бөліне қоймады ғой. Міне, енді сол кеткен олқылықтың орнын толтыру керек.
Қаланың ауылшаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқала бастады. Өткен жылы «Ахтямов» шаруа қожалығы тарапынан құны 1,9 млрд теңге болатын жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы іске қосылды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында жүзеге асырылды. Бұдан басқа да қолға алынып жатқан жобалар баршылық.
«Ауыл аманаты» жобасы арқасында 27 жоба мақұлданып, ауыл шаруашылығы саласына 255,7 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл дегеніңіз - бәрімізді азық – түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл халқына деген зор көмек болды. Кәсіпкерлік дамыған, өндіріс өскен сайын бюджеттік түсім де молаяды.
- Жезқазған облыс орталығына айналғалы – төртінші жылға аяқ басты. Былтыр қала әжептәуір әрленіп, әдеміленіп қалды. Қала тұрғындары да, қонақтары да оң өзгерістерді сезініп, сүйсініп жүр.
– Бәрі бірден бола қоймайды ғой. Облыс болу аймақты, өңірді дамытуға, әрине, облыс орталығын да заманға сай сәулеттендіруге,инфрақұрылымдар құруға мол мүмкіндік берді. Дұрыс айтасыз, былтырдан бастап біз Жезқазғанды өз мәртебесіне сай сәулеттендіруге кірісе бастадық. Әрине, ең алдымен бұл үшін бізге қала жолдарын дұрыстау керек еді, солай істедік те. 14 көшеде 18 шақырым жолды орташа жөндеуді жоспарладық. Бірақ, кәріз желілеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жалғасып жатқандықтан 3 көшені жөндеу биылға ауыстырылды. Ал, қалған 11 көшенің жолдары жөндеуден толық өтті. Осы орайда, сол бір өте ауқымды жұмысты абыроймен атқарып шыққан «АРМСТРОЙ» ЖШС, «Алмас Құрылыс KAZAKHSTAN» ЖШС, «Арша» сауда өндірістік компаниясы» ЖШС –нің ұжымдарына өзімнің және қала халқының атынан шынайы алғысымды айтқым келеді. Жігіттердің өздеріне жүктелген міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарағандарын өзім де қадағалап, бақылап және тұрғындардың әлеуметтік желілер арқылы жариялаған пікірлерінен де біліп отырдым.
Былтырғы атқарылған істерді қорытындылау, осымен қала жолдарын дұрыстау, жөндеу бітті дегенді білдірмейді.
Биылғы жоспар бойынша ұзындығы 4,8 шақырым болатын 13 көшенің автомобиль жолдарын, ұзындығы 668 метр болатын 16+22,5 темір жол көпірін орташа жөндеу қажет. Сонымен бірге, былтыр 9 орамның орамішілік жолдары жөндеуден өтсе, биыл тағы да 12 орамның ішкі жолдарын жөндейтін боламыз. Бұл - 99,8 мың ш.м. құрайды.
Қаладағы маңызды саналатын 3 ірі жолды қайта құру жобасына қатысты жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеу қолға алынды.Бұл жолдардың жалпы ауданы - 81 200 шаршы метр, 4 жолақты, ені – 14 метр. Бұлар - Алашахан даңғылы, Батыс айналма жолы, Сейфуллин көшесі.
- Кешіріңіз, Алашахан даңғылы былтыр ғана жөндеуден өтіп, әдемі түрге еніп, ажарланып қалмап па еді?
-Дұрыс айтасыз. Биыл Алашахан даңғылының Медициналық орталықтан Сейфуллин көшесіне дейінгі, Батыс айналма жолы және Сейфуллин көшелерінің Алашахан даңғылынан А-16 республикалық маңызы бар жолына дейінгі бөліктерін жөндеуден өткіземіз. Қаржыландыру 5 млрд. теңге мөлшерінде болады, жұмыстың ауқымдылығы соншалық биыл бастасақ келесі жылы да жалғастыруымыз мүмкін.

– Қаланы сәулеттендіру, замануи құрылыс қарқынын дамыту туралы сөзіңізді сабақтай түссеңіз...
- Облыс орталығына айналғаннан кейін өздеріңіз білесіздер қаланың жаңа Бас жоспары қабылданды. Мұнда қаламыздың Батыс ауданына баса көңіл бөлінгені де белгілі. Қазір осы аудандағы бұрын жоспарланған кейбір жобаларға түзетулер енгізілді. Соның нәтижесінде, осындағы магистральдық жылу, су құбыры және кәріз желілерінің ұзындығын бұрынғы 14,3 шақырымнан 16 шақырымға ұлғайту қажеттігі туындады. Сөзімізді нақтылыққа сүйеніп айтатын болсақ, мәселен, магистралдық жылу желісі 2024 жылы басталып, былтыр аяқталды.
Жалпы ұзындығы 5,5 шақырым құрайтын магистралдық су құбырын жүргізу жұмысы да жалғасып жатыр. Бұл жоба биылғы жылдың екінші жартыжылдығында өз мәресіне жетуі тиіс.
Құны – 727,9 млн. теңге тұратын кәріз желісі де салынып жатыр.
Сонымен қатар, «Батыс ауданның жаңа ықшамауданына 35/10 кВ «Батыс» қосалқы станциясының құрылысы» жаңа жобасының жобалау құжаттамасы әзірленуде.
Енді бұл жұмыстардың қаланы сәулеттендіруге қатысы қанша? Мүмкін сіздің көкейіңізде осындай сұрақ туындаған да шығар?
- Қалай аңғарып қалдыңыз?
- Алдымен осы жұмыстарды біржақты етіп алмай, замануи ғимараттар мен нысандардың құрылыстарын жүргізуге болмайды.
Сәулетін, әдемілігін арттыру мақсатында облыс құрылғаннан бастап қаланың келбетін өзгерту жұмыстары қолға алынды. Мұны өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар.
Айталық, 2024-2025 жылдарда 1,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, 9-шы ықшам ауданда 21 үйдің, Бейбітшілік, Гагарин көшелерінде 20 үйдің төбе жабындары, қасбеттері жөнделді. Сәтбаев көшесінде 40 үйге жөндеу жұмыстары «Қазақмыс Корпорация» ЖШС есебінен жүзеге асырылды.
Қаланың «Жаңа құрылыс», «Кенесары», «Қостанкелді» және «Орталық» - төрт ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ) әзірленуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар сөзсіз жалғасын табады.
- Сонымен қатар, қала архитектуралық жағынан өзіндік ерекшеліктері бар жаңа үйлермен де толығып жатыр ғой...
- Өткен жылы тек қана Алашахан даңғылының бойында біреше үйлер пайдалануға берілді, кейбірінің құрылысы жалғасып жатыр. Алашахан даңғылының бойында жаңадан 34 «З», 34 «М», 34 «С» ,34 «Т», 34 «Л» деген нөмірлер пайда болды. Бұл біздің қаладағы құрылыстың, соның ішінде, тұрғын үй салудың қарқынды жүргізіліп жатқаны туралы сөзіміздің бір даңғылдың бойымен жүріп өткенде ғана көзіңіз жететін нақты дәлелі болып табылады.
Тұрғын үй құрылысына кәсіпкерлер белсене атсалыса бастағанын айрықша атап өту ләзім.Қазіргі кезде 8 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстарын кәсіпкерлер жүргізіп жатыр. Әрине, бұлар коммерциялық тұрғын үйлер болғандықтан, нарық талабына сай иесін табады.

-Жезқазғанның жаңа келбетін қалыптастыру үшін абаттандыруға айрықша көңіл бөлуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті де Сізден осы бағыттағы атқарылған һәм алғы күндерге көзделген жобалар туралы сұрағым келеді.
- Қала тазалығын қамтамасыз етудің қаншалықты күшке түскенін білсеңіздер ғой. Келбет – кескін деген тазалықтан басталмай ма? Аулаларымызда үйіліп – үйіліп қоқыс жиналмай жататын болса, абаттандыру туралы сөз қозғаудың өзі артық емес пе? Өткен жылы қалаға қоқыс тазалаумен айналысатын жаңа компания келді. Соған қол жеткіздік. Міне, содан бері ғана қоқыс жинау - күрделі мәселе болудан қалып келеді.
Былтыр 90-ға тарта қоқыс алаңдары абаттандырылып, 400-ден аса жаңа контейнер орнатылды.
Қаладағы 31 балалар алаңы жаңартылды. Бауыржан Момышұлы көшесі бойынан салынған жаңа саябақ тұрғындардың тамаша демалыс аймағына айналды. Көпшіліктің ризашылығын сезіп жүрміз.
Алашахан бойындағы жаяужолдың бойы қалай өзгергенін көрдіңіздер. Биыл Алашахандағы жаяужол одан әрі әдемілене түсетін болады.
Бір сүйсінерлігі, қаланы абаттандыруға жекелеген азаматтар, кәсіпкерлік ұйымдар демеушілік көрсетіп, Алашахан даңғылында– 790 метр аумақта 270 түп, Абай көшесінде 580 метр аумақта 200 түп ұсақ жапырақты қарағаш талы отырғызылды. Бұл дегеніңіз қалаға үлкен қолдау, зор көмек.
Ал биыл қандай жұмыстар жоспарда тұр? Кейбірін айтып та өттім. Дегенмен, бірнеше ірібасты жобаларға тоқталып өтейін.
Кеңгірдің жағалауын абаттандыру, халыққа қолайлы демалыс аймағына айналдыру туралы көптен бері айтылып келеді. Енді биылдан бастап сөзден іске көшеміз. 2026-2028 жылдарды қамтитын, құны 8,9 млрд. теңге болатын ауқымды жоба әзірленді. Сол сияқты, Кеңгір жағалауынан коммунальды жағажай ұйымдастырылады. Қалалық бюджеттен бұл жобаға 82,5 млн. теңге бөлінеді.
- Қала жаңа ғимараттармен, нысандармен толығатын болса, бұл да қазіргі таңда қолға алынып жатқан сәулеттендіру, абаттандырудың заңды жалғасы іспетті емес пе?
- Бұған сөз бар ма? Әрине, солай. Жезқазған қаласында консультативтік-диагностикалық орталығы бар емхана және көпсалалы аурухана құрамындағы онкологиялық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Болат Өтемұратов Қорының қаржысына салынып жатқан Оқушылар Сарайы да биыл пайдалануға беріліп қалады. Көптен бері аймақ халқын толғандырып жүрген Балалардың жазғы лагерінің құрылысы да жоспарлануда.
Қаланың қақ ортасындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйі де жаңа кейіпке енетін болады. Қазір мұнда күрделі жөндеу жүргізілуде. Мәдени-тарихи «Руханият » және «Бабаларға тағзым » орталықтарының жобалау құжаттары әзірленуде. Биыл құрылыс жұмыстарын бастаймыз.
Бұған шейін «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Шахмат академиясын пайдалануға берудегі корпорацияның үлесі зор.
Ескек есу спорт түрлеріне арналған спорттық база, «НАМЫС» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы құрылыстары аяқталуда. Мұз аренасы бар спорт сарайын салу көзделуде.
Кеңгірдің жағалауынан салынып жатқан жаңа мешіт туралы халқымыз хабардар деп ойлаймын. Әрбір жаңа нысан , жаңа ғимарат қаланың келбетіне келбет қосады. Әрбір нысан, әрбір ғимараттың маңайы адамдардың демалыс алаңына айналды. Басқаша айтқанда, қала өскен сайын көркейеді әрі халықтың демалысына да ыңғайлы,қолайлы бола түседі.

- Қаланың одан әрі дамуына байланысты көптеген жұмыс атқарылғаны да байқалады, ойға алған жоспарлар да жеткілікті көрінеді. Дегенмен, Сізден қала тұрғындары арасындағы күнделікті тұрмыста жиі қойылатын сұрақты да іркіп қалғым келмейді. Ауызсу сапасы қашан жақсарады?
- Бұл бұрынғы Жезқазған облысы тұсында өткір мәселе болатын. Кейін ширек ғасырдан астам жеткілікті көңіл бөлінбеді. Ұлытау облысы құрылғаннан бері республика осы мәселені тікелей назарда ұстап отыр. Үйтас-Айдос жобасының 1- кезеңі іске қосылды. Нәтижесінде халыққа жеткізілетін ауыз судың 30%-ын жер асты сулары құрайтын болды. Әрине, бұл мәселені толық шешпейді. Өткен жылы жобаның 2-кезеңі басталды. Жобаның 3 - кезеңі «Үйтас кен орнының ұңғымалары мен құрама коллекторларын реконструкциялау» деп аталады. Мұның құны 2,7 млрд. теңге. Біз өз тарапымыздан жоғары жақтарға бюджет өтінімін тапсырдық.
Шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын (ХПОС) реконструкциялау жобасы (2 және 3 кезек) жүзеге асыру да жалғасуда.Судың сапасын арттыруда, халыққа таза су жжеткізуде бұл жобаның орны ерекше. 2026 жылдың соңына дейін жоба толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
«Қалаішілік су құбыры желілерін реконструкциялау» жобасы 4 кезекпен кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Қаншама су құбырлары жаңартылды десеңізші! Тек қаланың орталығы ғана емес, 9,28,61-62,63-66,80-83,84-85 орамдар, Аварийный, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр ауылдары, 5 - аудан, 1-ші және 2-ші ауылдар жаңартылған су құбырына қосылды. Халықты таза сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстардың бір парасы осындай!
Осыдан бірер жыл бұрын қалада қысқы жылу беру мәселесіне байланысты тұрғындар тарапынан көптеген өкпе – реніш айтылып жататын. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Өйткені, 2024-2025 жылдары «Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту және модернизациялау» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде №3, 9 және 11 жылу магистралдары жаңғыртылып, жалпы ұзындығы 28,6 км. жылу желілері пайдалануға берілді. Сондай – ақ, қаланың 1810 үйі газ пайдалануға көшті. Мұны айтып отырғаным, ауыз су мәселесі де жылу секілді өз шешімін табатыны анық. Өйткені, жұмыс жүріп жатыр.
- Қайрат Абдоллаұлы! Қалаға қатысты шаруалардың барлығын Сіздер жоспарлап, ұйымдастырғанмен, тендерде жеңімпаз атанған мердігер компаниялар атқарады. Оларға әкімдік жағынан қандай талаптар қойылады?
- Оларға қойылатын талап біреу ғана : - жұмысты сапалы атқару. Басқа қандай талап болуы мүмкін?! Кейінгі жылдары мердігерлер тарапынан да түсіністік қалыптаса бастады.
Менің жеке өзімнің де, қала әкімдігінің де алдымызға қойған жалғыз мақсатымыз бар. Бұл - Жезқазғанды жарқырату, жайнату, халыққа жайлы қалаға айналдыру. Сол мақсатқа мердігерлер жұмысында сапа болмаса, жете алмайтынымыз анық. Талап міне, әрдайым тек осы тұрғыдан қойылады.
- Жақсы рахмет! Көп нәрсе айтылды, халыққа жан –жақты ақпарат берілді деген ойдамын.
Ісіңізге сәттілік, табыс тілеймін!
Әңгімелескен : Ізтөлеу Түсіп,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Аймақ ақшамы» газетінің штаттан тыс тілшісі.
«Аймақ ақшамы» , 23.01.2026




