«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова жаңа Конституция жобасындағы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы төлеу нормасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жаңалық елдің құқықтық жүйесін азаматтар мүддесіне одан әрі бағдарлауға мүмкіндік береді.
«Мұндай нормамен жаңа Конституцияның жобасы барынша адамға бағдарланған болады. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы төлеу азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілі ретінде қызмет етеді», – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Оның пікірінше, азаматтардың құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіші. Жаңа норма арқылы азаматтар өз құқықтары бұзылған жағдайда тиісті өтемақы талап ете алады, бұл қоғамдағы әділеттілік пен сенімділікті арттырады.
Қарлығаш Жаманқұлова атап өткендей, мұндай жаңалықтар мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтіп, олардың қызметінде заңдылық пен транспаренттілікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл қадам азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға, құқықтық жүйенің ашық әрі әділ жұмыс жасауына септігін тигізеді.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның жобасы адам құқықтарына бағдарланған принциптерді тереңдетіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін маңызды реформалардың бірі болып табылады.



