Конституциялық реформа және оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы ҚР ҰКП «Атамекен» Президиумы жанындағы геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің отырысында талқыланды. Жиынға сала өкілдері қатысып, Ата заң жобасына қатысты пікір білдірді.
Отырысты ашқан «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев комитет елдегі 200 мыңнан астам адам еңбек ететін тау-кен металлургия кешенінің мүддесін білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, нақты секторда жұмыс істейтін еңбек адамдары үшін ең бастысы – тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім. Саланың дамуы тұрақты реттеуші саясатқа, түсінікті әрі болжамды ережелерге және мемлекетпен тұрақты диалогқа тікелей байланысты. Сондықтан жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы айрықша маңызға ие.
Комитет төрағасы Николай Радостовец мемлекет жүргізіп отырған жүйелі жаңғыртуға назар аударды. Оның сөзінше, қолға алынған өзгерістер – жай ғана формалды түзетулер емес, мемлекетті жаңғыртуға, неғұрлым әділетті және бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған нақты қадамдар. Қазақстан соңғы жылдары шамамен 6 пайыздық экономикалық өсімді көрсетіп келеді, ал жас әрі егемен мемлекет үшін институттарды нығайтуға бағытталған реформаларды жалғастыру аса маңызды.
Н. Радостовец ұсынылып отырған өзгерістердің адамға бағытталған сипатына ерекше тоқталды. Жаңа Конституция жобасында азаматтың құқықтары, мүмкіндіктері мен бастамалары мемлекеттік саясаттың басымдығы ретінде айқындалған. Оның пікірінше, саяси жүйе бағдарламалар бәсекесіне, жауапкершілікке және қоғамға түсінікті ережелерге негізделуі тиіс. Қоғамдық-саяси өмір жекелеген тұлғалардың амбициясына емес, кең қолдауға ие бағдарламаларға сүйенуі қажет.
Республикалық бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Байытов конституциялық реформа инвестициялық тұрақтылықтың маңызды факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба мәтінінде заң үстемдігі, жеке меншікті қорғау және мемлекет, бизнес пен қоғам мүдделерінің теңгерімі айқын көрініс тапқан.
– Тау-кен металлургия кешені – ауқымды инвестицияны және ұзақ мерзімді жобаларды талап ететін сала. Сондықтан меншікке, заңдылыққа және кәсіпкерлікті қорғауға берілетін кепілдіктердің күшеюі біз үшін аса маңызды. Бұл инвесторлардың сенімін арттырып, жұмыс жағдайының болжамдылығын қамтамасыз етеді, – деді Қ. Байытов.
Ол сондай-ақ сот жүйесінің тиімділігі мен құқықтық тәуекелдердің азаюы ірі жобаларды іске асыруға және қаржыландыру тартуға тікелей әсер ететінін айтты. Конституциялық реформалардың әлеуметтік-экономикалық әсері жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлерді дамытуға, қосылған құнды арттыруға және заманауи технологияларды енгізуге жол ашады.
Жиын қорытындысында қатысушылар конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, сала өкілдерін қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырды.




