Ақпаратпен жұмыс істеу, оны талдау және контент жасау үдерістері бүгінгі таңда қарқынды түрде жаңарып келеді. Осы өзгерістер аясында жасанды интеллекттің журналистикаға ықпалы қандай, оны қалай және қай жерде тиімді қолдануға болады? Осы және өзге де өзекті сұрақтар Жезқазған қаласында өткен арнайы мастер-класс — Speaker Talk форматындағы кездесуде талқыланды.
Шараға өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты. Ашық форматта өткен кездесу тек сарапшыларды тыңдаумен шектелмей, нақты кейстерді талқылауға, сұрақ қоюға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында журналистік материалдың «жолы» — инфоповодты таңдаудан бастап, идеяны дамыту, мәтін жазу және эфирге шығару кезеңдеріне дейін кезең-кезеңімен қарастырылды. Әсіресе, авторлық мәтін жазу барысында жасанды интеллектті қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар мен мамандардың ортақ пікірінше, жасанды интеллект журналисті алмастырмайды, алайда оны орынды әрі сауатты қолданған жағдайда тиімді көмекші құрал бола алады.
Сонымен қатар, медиасалада жасанды интеллекттің қазіргі таңда атқарып жатқан функциялары жан-жақты талқыланды. Ол мәтіндермен және үлкен деректермен жұмыс істеуде уақытты үнемдеуге, нақтылықты арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, кей жағдайларда кәсіби бақылау мен сақтықтың қажет екені атап өтілді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» заңы да сөз болды. Аталған заңға сәйкес, жасанды интеллектті қолдану арқылы жасалған өнімдер адам тарапынан шығармашылық үлес болған жағдайда ғана авторлық құқық объектісі ретінде танылады. Ал синтетикалық контент міндетті түрде арнайы белгімен және аудиторияға түсінікті ескертумен ұсынылуы тиіс.
Айта кету керек, Aqsham TV командасының жасанды интеллектті қолдануда өз тәжірибесі бар. Телеарна мамандары ИИ құралдарын мәтіндерді расшифровкалау, дыбыстау, сондай-ақ журналистік стендаптар дайындау барысында пайдаланып келеді.
Кездесу аясында қатысушыларға Ulytau Hub ұйымының қызметі мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Атап айтқанда, медиа саласы өкілдеріне арналған арнайы практикалық курс — буткемп іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастама қатысушылар тарапынан қолдау тауып, тәжірибеге бағытталған оқытудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Осылайша, гаджет пен қаламның тоғысуы — уақыт талабы. Журналистика мен технологияның өзара ықпалдастығы алдағы уақытта да жалғасып, жаңа форматтар мен мүмкіндіктерге жол ашпақ.




