Жапонияда ел намысын абыроймен қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл қазақстандық спортшылармен және жас балуандармен тағылымды кездесу өткізді.
Кездесуге қазақ күресінің түйе балуандары мен Qazaqstan Barysy турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері – Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев бастаған ұлттық құрама спортшылары қатысты.
Ұлттық мектеп пен халықаралық тәжірибе үндестігі
Шара барысында жас балуандар қадірменді қонаққа қазақ күресінің төл әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен қазақ күресінің өзара үндестігін паш етті. Өз кезегінде Ерсін Балтағұл сумода жиі қолданатын әдістерін таныстырып, кәсіби спорттағы тәжірибесімен бөлісті.
💬 «Кәсіпқой спорттағы табысымның кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Мен қазақ күресі мен дзюдо мектебінен қалыптастым. Жапондарда “Ондуошин и” деген ұғым бар, яғни залдың рухын сезіну. Мен де кілем мен залдың тынысын сезінуді төл күресіміздің мектебінен үйрендім. Сумо белдесулерінде қазақ күресінің “Жамбас” әдісін жиі қолданамын», – деді спортшы.
Бұл сөздер жас балуандарға үлкен серпін беріп, ұлттық мектептің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Кездесу соңында Qazaq Kuresi Ассоциациясы бас директоры Мейіржан Берекетов Ерсін Балтағұлға ерекше құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, естелік кәдесый табыстады.
Бұл кездесу жас спортшылар үшін үлкен мотивация көзіне айналды. Ұлттық рух пен халықаралық тәжірибе тоғысқан тағылымды сәт балуандарға жаңа белестерді бағындыруға жігер берді.
Ел намысын шет жерде абыроймен қорғап жүрген Ерсін Балтағұлдың табандылығы мен ұлттық құндылықтарға адалдығы – өскелең ұрпаққа үлгі.




