Қала аумағындағы бірқатар білім беру мекемелерінде мониторинг жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық жағдайы және жылу жүйелерінің жұмыс барысы зерделенді. Аралау барысында оқу үдерісінің қалыпты өтуіне әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер анықталды.
Атап айтқанда, екі жыл бұрын пайдалануға берілген 320 орындық балабақшада жылу жүйесінің толық қуатта жұмыс істемейтіні белгілі болды. Жекелеген топ бөлмелерінде ауа температурасы 18°С-тан аспайды. Аталған мәселені шешу мақсатында СЖСЖК мекемесіне жылу құбырларының диаметрін ұлғайту жөнінде ұсыныс жолданды. Бұл мәселе алдағы уақытта тиісті сала мамандарымен бірлесіп жан-жақты қаралатын болады.
Сонымен қатар, шамамен он жыл бұрын ашылған Қ.Сәтбаев атындағы №9 мектепте де жылу жүйесіне қатысты қиындықтар анықталды. Мектеп ғимаратының аумағы үлкен болғанымен, қолданыстағы жылу радиаторлары жеткіліксіз. Әсіресе спорт залдағы температураның төмендігі қыс мезгілінде дене шынықтыру сабақтарын өткізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Осыған байланысты білім бөлімі жылу жүйесін жақсарту бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, тиісті бюджетке қаржы бөлу жөнінде білім басқармасына өтінім жолдады. Қаржы қарастырылған жағдайда, мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Сонымен бірге оң нәтижелер де бар. Өткен жылы Ы.Алтынсарин атындағы №19 лицей мектебінің ғимаратына 44 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, шатырын толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда оқу орнының ғимараты тұрақты жағдайда, оқу процесі қалыпты режимде өтуде.
Сондай-ақ «Балдырған» балабақшасы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, биылғы оқу жылында ғимараттағы жылу жүйесі талапқа сай жұмыс істеп тұр.
Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта білім беру мекемелерінің жағдайы тұрақты бақылауда болып, анықталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.




