Жезқазған қаласында Re.Woman Ulytau бастамасымен ұйымдастырылған «Әйел. Отбасы. Бизнес» форумы өз жұмысын бастады. Бұл алаң Құрылтай философиясын өңірлік деңгейде жалғастырып, қоғамның, соның ішінде әйелдердің үнін ел үшін маңызды шешімдердің бір бөлігіне айналдыруды көздейді.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова қатысып, әйелдердің ел дамуына қосып отырған үлесі мен олардың қоғамдық-саяси үдерістердегі рөліне ерекше назар аударды. Іс-шара әйел кәсіпкерлерді, қоғамдық белсенділерді және Respublica партиясының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.
Сонымен қатар форум аясында Жезқазған қаласының қоғам белсенділері, қала ардагерлері кеңесінің мүшелері және блогерлердің қатысуымен арнайы кездесу өтті. Ашық форматта өткен басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтық белсенділік, ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік және қоғаммен кері байланыс мәселелері талқыланды.
Форум Құрылтай аясында басталған диалогтың өңірлік деңгейдегі нақты жалғасына айналып, құндылықтар мен философиядан нақты шешімдерге дейінгі жолды қамтыды. Бұл алаң Ұлытауда әйел көшбасшылығының жаңа белесіне жол ашқан маңызды қадам болды.




