Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдау мақсатында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі үндеу жариялады. Ұйым мүшелері ел болашағы үшін тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, жаңа Негізгі Заң жобасын бірауыздан және толық қолдайтындарын мәлімдеді.
Үндеуде жаңа Конституцияның қабылдануы әсіресе жастар үшін айрықша маңызды екені атап өтілген. Ұйым өкілдерінің пікірінше, бұл құжат тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да тағдырын айқындайтын стратегиялық мәнге ие.
«Ассамблея жастары» мүшелері жаңа Конституция өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және ел дамуына жауапкершілікпен атсалысуға берік негіз қалыптастыратынын жеткізді. Құжаттың өзегінде адамды басты құндылық ретінде тану қағидаты жатқанын ерекше атап өтті.
Үндеуде мемлекет «Заң мен Тәртіп» қағидатына адалдығын растайтыны, ал Әділетті Қазақстан идеясы бүкіл конституциялық құрылымның идеологиялық негізіне айналатыны айтылған. Сонымен қатар адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны қолдау стратегиялық басымдық ретінде белгіленіп отырғаны көрсетілді. Бұл – білімді елдің негізгі ресурсы ретінде танудың айқын көрінісі.
Ұйым өкілдері жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясының Конституция жобасында көрініс табуын да маңызды қадам деп бағалады. Олардың пікірінше, еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылушылық қазіргі жастар үшін басты бағдар болуы тиіс.
Қорытындылай келе, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын мәлімдеп, Қазақстан жастарын жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.




