Ағаш егу оңай болғанымен, оны күтіп-баптау – үлкен жауапкершілік талап ететін жұмыс. Осы бағытта қала аумағын көгалдандыру сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсіл қолға алынбақ. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев аппарат жиынында биіктігі 2 метрден кем емес ағаш көшеттері отырғызылатынын мәлімдеді.
Бұған дейін қалада негізінен бұтақ түріндегі жас көшеттер егілген еді. Алайда олардың жерге толық сіңісіп, жақсы өсіп кетуі қиындық туғызған. Нәтижесінде отырғызылған ағаштардың бір бөлігі қурап, көгалдандыру жұмыстары күткен нәтижені бермей келген.
Енді ірі әрі тамыр жүйесі қалыптасқан көшеттерді отырғызу арқылы бұл мәселені шешу көзделіп отыр. Мұндай тәсіл ағаштардың жерсіну мүмкіндігін арттырып қана қоймай, қаланың жасыл келбетін қысқа мерзімде жақсартуға мүмкіндік береді.
Аталған бастама қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаның сапасын арттыруға және жасыл желек көлемін ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар бұл тұрғындар үшін жайлы әрі таза қалалық орта қалыптастыруға септігін тигізбек.




