Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында заманауи технология мен мәдени шараны ұштастырған ерекше дрон-шоу өтті. Кеш барысында 500-ден астам дрон қала аспанын түрлі жарық композицияларымен безендіріп, көрермендерге әсерлі көрініс ұсынды.
Дрондар көк жүзінде бір мезетте түрлі бейнелер жасап, көрермендерді таңғалдырды. Әсіресе, Қазақстан картасының бейнесі пайда болған сәтте жиналған жұрт ерекше ықыласпен қабылдап, әсерлі көрініске куә болды. Сонымен қатар аспанда ұлттық құндылықтарды бейнелейтін шаңырақ символы, көктем мен жаңарудың белгісі саналатын қызғалдақ гүлі және Digital Nauryz жазуы көрініс тапты.
Шоу барысында «Қазақстан», «Алматы облысы» деген жазулар да пайда болып, өңірдің ел дамуына қосып отырған үлесін айшықтай түсті. Көрермендерге Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз құтты болсын!» деген құттықтау жазуы да ұсынылды.
Бағдарлама аясында ел өміріндегі маңызды саяси оқиға – алдағы республикалық референдум тақырыбы да қамтылды. Аспанда «15 наурыз – референдум» және «Жаңа Конституция» деген жазулар пайда болып, дауыс беру белгісі бейнеленді. Бұл әрбір азаматтың өз таңдауын жасау құқығы мен азаматтық жауапкершілікті білдіретін символдық көрініс ретінде ұсынылды.
Айрықша шоу бағдарламасын тамашалауға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, қоғамдық ұйымдар мен коалиция мүшелері, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Жиналған көпшілік алдында Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов сөз сөйлеп, тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырды. Оның айтуынша, бұл – ел болашағына қатысты маңызды қадам.
«15 наурыз күні әр азамат өз таңдауын жасайды. Бұл – жастардың Конституциясы. Өйткені онда жастардың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына және ел экономикасының ілгерілеуіне басымдық берілген. Сондықтан әрқайсымыз өз дауысымызды беріп, референдумға қатысуымыз қажет», – деді ол.
Ал Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дауталиев қазіргі Конституцияның ел дамуына ұзақ жылдар бойы қызмет еткенін атап өтті.
«Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы халыққа 30 жыл бойы қызмет етті. Бүгін біз егемен ел ретінде жаңа маңызды құжатты қабылдау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Жаңа Конституция жобасында еңбек құқық ретінде белгіленген. Бұл халықты жұмыспен қамту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін көрсетеді», – деді ол.
Дрон-шоу аяқталғаннан кейін мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сонымен қатар шара барысында қала тұрғындарына алдағы республикалық референдум туралы ақпараттық брошюралар таратылып, оның маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, Қонаев қаласында өткен бұл ерекше дрон-шоу цифрлық технологияның мүмкіндіктерін көрсете отырып, Наурыз мерекесінің мерейін арттырып, тұрғындарды ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға бейжай қарамауға шақырған мазмұнды шара болды.




