Адам өміріндегі ең қымбат құндылық – отбасы. Әрбір ата-ана үшін ең бастысы – балаларының қауіпсіз әрі жарқын болашағы, ал әрбір азамат үшін – ертеңгі күнге деген сенім. Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуы да ең алдымен отбасының әл-ауқатына байланысты. Сондықтан еліміздегі конституциялық реформалар да ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және отбасы институтын қолдауға бағытталған.
Жаңа Конституция – бұл тек құқықтық құжат қана емес, ол еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын негізгі бағдар. Ата Заңның 1-бабында Қазақстан демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жарияланған. Бұл қағида мемлекеттің ең басты мақсаты – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін білдіреді. Сонымен қатар бұл норма әрбір азаматқа, әрбір отбасыға мемлекет тарапынан нақты кепілдіктер берілетінін көрсетеді.
Әлеуметтік мемлекет қағидаты ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Яғни, әрбір азаматтың еңбек етуіне, сапалы білім алуына, тұрғын үйге қол жеткізуіне және әлеуметтік қолдау алуына жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл – отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Жаңа Конституцияда адамның қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтардың тең мүмкіндіктерге ие болуы ерекше маңызға ие. Әсіресе жас ұрпақтың дамуына, олардың сапалы білім алып, өз қабілеттерін толық жүзеге асыруына жағдай жасау – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл өз кезегінде әрбір отбасының болашаққа деген сенімін нығайтады.
Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын дамыту – қоғамның тұрақты дамуының негізгі факторлары. Мемлекет осы бағыттар бойынша тиімді саясат жүргізу арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылып келеді. Нәтижесінде әрбір отбасы өз балаларының болашағына сеніммен қарап, қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жаңа конституциялық өзгерістер қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Бұл – әрбір адамның заң алдында тең болуын, оның құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді.
15 наурызда еліміздің азаматтары маңызды тарихи таңдау жасайды. Бұл таңдау – елдің болашағы, ұрпақтың тағдыры және әрбір отбасының ертеңгі күні үшін жасалатын қадам. Дәл осы күні біз дамуға, тұрақтылыққа және әділетті қоғам құруға бағытталған жолды қолдаймыз.
Жаңа Конституция – әрбір азаматтың құқығы қорғалатын, әрбір отбасы өзін қауіпсіз сезінетін, ал жас ұрпақтың мүмкіндігі шексіз болатын қоғамның берік негізі. Сондықтан бұл құжат тек бүгінгі күн үшін ғана емес, болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін де аса маңызды.




