Жаңа форматтағы мектептер – бұл жай ғана ғимараттар емес, ол – оқу үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы заманауи технологияларды, инновациялық инфрақұрылымды біріктіріп, әрбір баланың дамуына жағдай жасайды.
Бұл жоба аясында еліміз бойынша жаңа мектептер салу, ескі білім ошақтарын жаңғырту және оқу сапасын арттыру көзделген. Мұндай мектептерде заманауи зертханалар, мультимедиялық сыныптар, спорт және шығармашылық залдар, коворкинг орталықтар ашылып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріледі.
«Келешек мектептері» тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Ол — білім берудің жаңа философиясын қалыптастыратын бағдарлама. Мұнда оқушылар сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойын еркін жеткізуге, командада жұмыс істеуге және өмірде қажет дағдыларды меңгеруге үйренеді.
Мұғалімдер де жаңа форматтағы мектептерде инновациялық әдістерді пайдаланып, цифрлық технологиялар арқылы сабақтарды қызықты әрі тиімді өткізеді. Бұл өз кезегінде оқу процесін жетілдіріп, білім сапасын көтереді.
«Келешек мектептері» – бұл болашаққа салынған инвестиция, еліміздің зияткер, заманауи және жаңашыл ұрпағын тәрбиелеудің нақты қадамы.
 
                        