«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында мектеп оқушыларымен полиция қызметкерлерінің қатысуымен ашық сабақ өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және қоғамдағы тәртіптің маңызын насихаттау.
Ашық сабақ барысында полиция қызметкерлері оқушыларға күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайлар туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелері, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық орындардағы тәртіп сақтау мәдениеті жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Мұндай форматтағы ашық диалог жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Полиция қызметкерлері жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтіп, әрбір оқушының заңды білуі және оны сақтауы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу – ең алдымен тәрбиеден басталатыны айтылды.
Жалпы, «Заң мен тәртіп» аясында өткізілген ашық сабақ оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапкершілік пен тәртіпке баулуға бағытталған маңызды іс-шара болды.




