ҚР Журналистер одағының Ұлытау облыстық филиалы мүшелерінің кезекті кездесуі ұйымдастырылып, аймақтық журналистиканың өзекті мәселелері талқыланды. Басқосу тарихи-археологиялық музей ғимаратында өтті.
Жиынды филиал төрағасы Эльвира Алпанбаева ашып, өңірлік журналистиканы дамыту, ақпарат сапасын арттыру және БАҚ өкілдерінің кәсіби әлеуетін күшейту бағытындағы маңызды міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті журналистиканың алдында жаңа талаптар мен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Кездесу барысында Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Өміртайұлы Жайлаубаев сөз сөйлеп, аймақта журналистерді қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Ол мемлекеттік деңгейде ақпарат саласына көрсетіліп жатқан қолдау шараларының маңызын атап өтті.


Жиын барысында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, салаға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ашық форматта өткен кездесуде еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасалды.
Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, одаққа жаңа мүшелер қабылдау және үздік журналистерді марапаттау, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына үміткерлердің портфолиосын жинақтау, алдағы іс-шаралар жоспарын бекіту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Камал Смайылов және Бауыржан Бұлқышев атындағы сыйлықтардың ережесін әзірлеу, жауапты хатшы сайлау, мүшелердің деректер базасын қалыптастыру және мүшелік жарна мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ.

Кездесу қорытындысында алдағы жұмыстардың нақты бағыттары айқындалып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Бұл басқосу өңір журналистикасын дамытуға серпін беріп, кәсіби қауымдастықтың бірлігін нығайтуға ықпал етті.




