Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ғалым, Халықаралық Экология Академиясының академигі, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті сыйлығының лауреаты, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Мүсілім Тоқтамысұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Есімі ел жадында» тақырыбымен еске алу кеші болып өтті.
М.Тоқтамысұлының өміржолы туралы бейнебаян көрсетілуден басталған кеш одан әрі құттықтау лебіздер, естеліктер арқылы жалғасын тапты.
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов ел игілігі жолында бар күш – жігерін, білімі мен білігін аянып қалмаған Мүсілім ағаның есімі Жезқазған қаласының тарихында мәңгілікке қалғанын атап көрсетіп, ағаның зайыбы Волга апайдың иығына қазақы жолмен шапан жапты.
Мүсілім ағамыздың әріптесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нариман Жалғасұлының сөзі жиналғандарды кереметтей әсерге бөледі. Өйткені, ол М.Тоқтамысұлының көпшілік біле бермейтін ғылми еңбектеріне тоқталды.
-Мүсілімнің докторлық диссертациясы барлық сатыдан мақұлданып, оң бағасын алып, енді ресми түрде қорғау болатын сәтте Академияда реформа басталып кетті. Сөйтіп, қорғалмай қалды. Бірақ, бұған қарап оның еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мен үшін ол – техника ғылымының докторы, бүгіннен бастап сіздер де солай дейтін болсаңыздар, еш қатесі жоқ – деген Нариман Жалғасұлының сөзіне жиналғандар дуылдата қол соқты. Ол сондай –ақ, Мүсекеңнің Қияқты көмірін зерттеудегі ерен еңбегі туралы тебірене толғады.
Кеш барысында Мүсілім ағаның шәкірті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменовтің бейне құттықтауын да көпшілік жылы қабылдады.
Биылғы мерейтой қарсаңында - Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай директоры, белгілі өлкетанушы Кенжал Балкенұлының құрастыруымен Астана қаласындағы «Кәусар» баспасынан Мүсілім Тоқтамысұлының өміржолы жайлы естеліктерден, арнау өлеңдерден, мақалалардан тұратын «Ғибаратты ғұмыр» кітабы жарық көрген болатын. Кеш барысында аталған кітаптың тұсауы кесіліп, облыстың барлық кітапханаларынеа тегін таратылатыны хабарланды.
Кеш әншілердің, күйшілердің өнерлерімен әдіптеліп отырылды.
Кеш соңында Мүсілім ағаның зайыбы Волга апай және немере інісі , Қазақстанның Еңбек Ері, кенші Тұрсынбек Макишев мерейтойға байланысты іс-шараларды ұйымдастырып, кеш өткізу, кітап шығару және т.б. шаруалардың басы – қасында болған азаматтардың баршасына алғыс сезімдерін білдіріп, рахметтерін жаудырды.
Көркем Кемеңгер




