Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымын түсіру жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаны Ulytau облыстық телеарнасы қолға алып, азаматтық қорғау саласының қызметін жүйелі түрде таныстыруды және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды мақсат етеді.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында төтенше жағдайлар қызметінің күнделікті атқаратын жұмысы, құтқару бөлімшелерінің дайындығы және заманауи арнайы техникалардың мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Сонымен қатар, өрт сөндіру, іздестіру-құтқару және жедел әрекет ету бағыттарындағы жұмыстар көрермен назарына ұсынылды.
Шара аясында мамандар төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіп-қатер туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі және халықтың өзін-өзі қорғау дағдылары туралы кеңінен түсіндірді. Бағдарламада нақты мысалдар келтіріліп, құтқару қызметінің тәжірибелік жұмыстары арқылы қауіпсіздік шараларының маңызы айқындалды.
Түсірілімге Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысты. Ол өңірде азаматтық қорғау жүйесін дамыту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға тоқталып, материалдық-техникалық базаның нығайтылып жатқанын, сондай-ақ құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет ету дайындығы тұрақты түрде жетілдіріліп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылды. Бұл бағытта халықпен түсіндіру кездесулері, оқу-жаттығу шаралары және ақпараттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
«112 KZ» тележобасының басты міндеті – тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру, төтенше жағдай кезінде дұрыс шешім қабылдауға үйрету және азаматтық жауапкершілікті арттыру. Мұндай форматтағы бағдарламалар қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Түсірілген шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрсетіліп, көрермен назарына ұсынылатын болады.
