Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының жаңа шығарылымы түсірілді. Бұл – өңірде дайындалған екінші арнайы жоба.
Бағдарламаны Ulytau облыстық телеарнасының ұжымы әзірледі. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау саласының қызметін халыққа жақын таныстыру, төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде ақпарат беру және тұрғындардың қауіпсіздік сауатын арттыру.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Арнайы алаңда құтқару техникалары, заманауи жабдықтар және жедел әрекет етуге арналған құралдардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі таныстырылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Ол материалдық-техникалық базаны нығайту, бөлімшелердің даярлығын күшейту және жаңа техникалармен қамтамасыз ету бағыттарына тоқталды.
Бағдарлама барысында көрермендер құтқарушылардың күнделікті қызметі, олардың жедел әрекет етуі және төтенше жағдай кезіндегі үйлесімді жұмысы туралы ақпарат алады. Бұл жоба тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге бағытталған маңызды бастама болып саналады.
Жаңа шығарылым жақын уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрсетіледі. «112 KZ» жобасы алдағы уақытта да халыққа пайдалы ақпарат ұсынып, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға үлес қоса бермек.




