Ұлытау облысында ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы өтіп, өңірдегі аға буын өкілдерінің қоғам өміріндегі рөлі мен ардагерлер қозғалысын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын облыс басшылығының, ардагерлердің, қоғам қайраткерлерінің және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Конференция барысында сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы ардагерлердің ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөліне тоқталды. Ол аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жас ұрпақ үшін үлкен мектеп екенін атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде бұл конференцияның алдағы республикалық ардагерлер ұйымының ХІ съезіне дайындықтың маңызды кезеңі екенін айтып, ардагерлердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше бағалады. Сондай-ақ, олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев сайланды. Бұл шешім ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ардагерлер қозғалысының дамуына тың мүмкіндіктер ашатыны айтылды.
Конференция аясында бірқатар ардагерлер марапатталып, олардың өңірдің дамуына сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Қатысушылар ардагерлер ұйымының жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Жалпы, бұл басқосу ардагерлер қозғалысын нығайтып, қоғамдағы бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын бекемдеуге бағытталған маңызды қадам болды.




