Ұлытау облысында өткен ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы қоғамдағы аға буынның белсенділігін арттыруға және олардың тәжірибесін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам болды. Жиын барысында ардагерлер қозғалысының қазіргі ахуалы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Іс-шарада сөз сөйлеген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы ардагерлердің қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Ол аға буынның өмірлік тәжірибесі – ел дамуының маңызды ресурсы екенін атап өтті.
Облыс әкімі конференцияның мән-маңызына тоқталып, бұл басқосудың алдағы республикалық деңгейдегі ХІ съезге дайындықтың бір бөлігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ардагерлердің жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын айтты.
Конференция қорытындысында Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев сайланып, ұйым жұмысының жаңа бағыттары белгіленді. Қатысушылар жаңа төрағаға қолдау білдіріп, ұйым қызметін жетілдіруге бірлесе атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Жиын аясында белсенді ардагерлер марапатталып, олардың қоғамдағы еңбегі мен өңір дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Бұл – аға буынға деген құрметтің нақты көрінісі.
Жалпы, конференция ардагерлер қозғалысын жаңа деңгейге көтеруге, қоғамдағы бірлік пен сабақтастықты нығайтуға бағытталған тиімді диалог алаңына айналды.




