Жезқазған қаласында «112 KZ» ақпараттық жобасының жаңа шығарылымы таспаланды. Бұл – Ұлытау облысында дайындалған екінші арнайы бөлім.
Ulytau облыстық телеарнасының түсірілім тобы кезекті бағдарламаны бүгін арнайы алаңда түсірді. Жоба төтенше жағдайлар саласының жұмысын кеңінен көрсетуге, халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге және азаматтық қорғау қызметінің маңызын насихаттауға бағытталған.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында өтті. Бағдарлама барысында заманауи арнайы техникалар, құтқару құралдары мен жедел әрекет ету мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде қолданылатын тәсілдер таныстырылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Ол материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаңа техникалармен қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби дайындық деңгейін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Жоба аясында көрермендер құтқарушылардың күнделікті еңбегімен танысып, төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдау жолдарын біле алады. Бағдарлама халық пен арнайы қызмет арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді.
Түсірілген шығарылым жақын күндері өңірлік телеарна эфирінен көрсетіледі. «112 KZ» жобасы алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды көтеріп, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлес қоса бермек.




