Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымын түсіру жұмыстары өтті. Жобаны Ulytau облыстық телеарнасы жүзеге асырып, азаматтық қорғау саласының қызметін кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында төтенше жағдайлар қызметінің күнделікті жұмысы, заманауи техникалық жабдықталуы және жедел әрекет ету мүмкіндіктері көрсетілді.
Іс-шараға Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, құтқару қызметтерінің дайындығы мен материалдық-техникалық базаны жетілдіру шараларына тоқталды.
Бағдарлама тұрғындардың төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.
Жаңа шығарылым алдағы уақытта облыстық телеарна эфирінен көрсетіледі.




