Ұлытау облысында гидротехникалық құрылыстарды мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су ресурстарын тиімді басқаруға және заңдылықты нығайтуға бағытталған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде бұрын жеке меншікке берілген «Қылыш» су қоймасының гидротехникалық құрылысы мемлекет балансына қайтарылды. Аталған су қоймасының жобалық сыйымдылығы 11,5 млн текше метрді құрайды. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі.
Мемлекет меншігіне қайтарылған нысанды тиімді пайдалану мақсатында Қаражал қаласының әкімдігі нақты шараларды қолға алды. Атап айтқанда, су қоймасының инфрақұрылымын жаңғырту үшін реконструкциялау жобасының құжаттамасын әзірлеуге 16,4 млн теңге бөлінді.
Жоба аясында екі сорғы станциясын салу, тозығы жеткен шлюздерді ауыстыру, сондай-ақ жоғары кернеулі электр беру желілерін тарту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар су қоймасының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Жалпы, мұндай шаралар өңірдегі су шаруашылығы нысандарының сенімділігін арттырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.




