Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Қыдыров Шыңғыс Еркінұлының қатысуымен брифинг өтті. Іс-шара барысында департаменттің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы атқарылған жұмыстары қорытындыланды.
2026 жылдың басынан бері департаментке тұтынушылардан түрлі кері байланыс арналары арқылы 147 өтініш келіп түскен. Департаменттің араласуымен тұтынушылардың пайдасына 20 087 544 теңге көлемінде қаражат қайтарылған көрінеді.
Тұтынушылар тарапынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі тұрмыстық қызметтер, байланыс қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ электрондық және бөлшек сауда салаларына қатыстыболып келеді.
Ішкі сауданы реттеу бағытында департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін бақылауды жалғастыруда. Нәтижесінде бағаның тұрақтануы байқалады. 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 35 кәсіпкерге сауда үстемесін негізсіз арттырғаны үшін әкімшілік шаралар қолданылып, 973 125 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, 7 кәсіпкер баға жапсырмаларын орналастырмағаны үшін жауапкершілікке тартылып, 1 803 525 теңге айыппұл, 1 кәсіпкер тұтынушы бұрышын орналастырмағаны және жазбаша шағымға жауап бермегені үшін 108 125 теңге айыппұл төледі.
«Адал бәсекелестік болсын!Тұтынушылар құқығы қорғалсын!» деген ұстанымдағы Департамент қызметкерлері алдағы уақытта да тұтынушылардың құқықтарын қорғау, адал бәсекелестікті дамыту және ішкі нарықтағы тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра беретін болады.




