«AMANAT» партиясы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтті. Жиында филиалдың алдағы жұмыс жоспары талқыланып, кадрлық мәселелер қаралды.
Конференцияға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды, «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Саяси бюро мүшелері, партияластар қатысты.
Корпорация жанындағы партия филиалы өз қызметін төрт өкілдік арқылы жүзеге асырады: Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды және Балқаш қалалары. Бұл өкілдіктер партияның 42 мыңнан астам мүшесі мен 86 бастауыш партия ұйымын біріктіреді. Зейнеткерлер саны – 4 014, мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 425, жұмыссыздар – 3 310, бала күтімі бойынша демалыста – 1 284 адам, ал жұмыс істейтіндер – 33 520 адамды құрайды. 2025 жылы партия қатарына 1 492 адам қабылданған. Филиал белсенді түрде «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларын жүзеге асыруда. Бұл жөнінде партия филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов баяндамасында айтты.
Конференцияға қатысушылардың оң шешімімен «AMANAT» партиясы «Қазақмыс корпорациясы» жанындағы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы болып Нұрмұхамбет Әбдібеков тағайындалды. Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков 1961 жылы дүниеге келген. Тау-кен инженері. Техника ғылымының кандидаты. 2004 жылдан бері партия мүшесі. Еңбек жолын 1984 жылы Шилісай фосфорит кенішінің шебері, кейін тау-кен цехының бастығы болып бастаған. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметке араласып, бірнеше лауазымды қызметтерде болды.
«Нұрмұхамбет Қанапияұлы баршаңызға жақсы таныс, мемлекеттік басқару мен индустрия саласында мол тәжірибесі бар, кәсіби басшы. Вице-министр, облыс әкімі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Сонымен қатар, өндірістік саладағы тәжірибесі мен инженерлік білімі оны нақты сектордағы мәселелерді терең түсінетін басшы ретінде қалыптастырды.
Нұрмұхамбет Қанапияұлы, Сізді жаңа қызметіңізбен құттықтаймын! Мол тәжірибеңіз филиал жұмысын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Ержан Жылқыбаев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен партия жұмысының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, партия ардагері, Саяси кеңес мүшесі Алпысбай Тайгоков ізгі тілегін білдіріп, жаңа төрағаға сәттілік тіледі.






