Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында бірінші тоқсандағы бюджет қаражатының игерілуі және жыл соңына дейін пайдалануға берілетін мемлекеттік және жеке құрылыс нысандарының жай-күйі жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі жоспарланған әрбір жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы басты міндет екенін атап өтті. Осыған орай, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақытылы өткізілуін және міндеттемелердің дер кезінде қабылдануын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған бюджеттің тиімді әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, қаржы басқармасына ай сайынғы мониторингті жүйелі түрде жүргізуді жүктеді.
Өңір басшысы өткен жылы облыстың құрылыс саласында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілгенін, ал биыл жылдың алғашқы үш айының өзінде көрсеткіштердің екі есеге артқанын ерекше атап өтті. Жыл соңына дейін бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, тиісті басқармаға жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды жеделдету және сараптамадан өткізу, өтпелі жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау, келесі жылға арналған өтпелі нысандар бойынша нақты жол картасын әзірлеу міндеттелді. Сондай-ақ кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлердің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұдан бөлек, қала және аудан әкімдеріне құрылыс нысандарын тікелей аралап, олардың орындалу барысын жеке бақылауға алу міндеті жүктелді.




