Ұлытау облысында жас кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп келеді. Соның жарқын мысалы – Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылының тұрғыны Нұрболат Бөгдешовтың бастамасы.
Жас кәсіпкер мемлекеттік гранттың қолдауымен ауылда наубайхана ашып, жергілікті тұрғындарды күнделікті жаңа піскен нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда наубайханада тәулігіне 100-ден астам бөлке нан өндіріліп, ауыл халқының сұранысына ие болып отыр.
Кәсіпкер өз ісін бастау үшін 1 500 000 теңге көлемінде грант алып, қажетті құрал-жабдықтардың барлығын сатып алған. Соның нәтижесінде өндіріс толық жолға қойылып, наубайхана тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жаңа нысан екі ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да өз үлесін қосуда.
Айта кету керек, 1400-ден астам тұрғыны бар Бидайық ауылы үшін бұл – алғашқы наубайхана. Бұған дейін ауыл тұрғындары нан өнімдерін сырттан алдыруға мәжбүр болса, енді бұл мәселе толық шешімін тапты.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп отыр. Мұндай бастамалар ауыл экономикасын нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.




