Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының өкілдері студенттермен, соның ішінде 2026 жылғы түлектермен арнайы кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – өңірге білікті дін мамандарын тарту және жастарға еңбек ету мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.
Кездесу барысында облыста дін саласын дамыту, кадр тапшылығын азайту және кәсіби мамандармен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың негізгі басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Осыған байланысты 2024 жылы облыс әкімдігі тарапынан арнайы гранттар бөлініп, қазіргі таңда 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда.
Бүгінгі таңда аталған университетте Ұлытау өңірінен 21 студент жоғары діни білім алып жатыр. Оның ішінде 6 студент 2026 жылы оқуын тәмамдап, еңбек жолын бастауға дайын.
Кездесуге Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин де қатысып, студенттерге өңірдегі жұмыс мүмкіндіктері, еңбек шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар ол жастарды туған өңірге оралып, ел игілігі жолында қызмет етуге шақырды.
Іс-шара университет қабырғасында және бейресми форматта, дастархан басында ұйымдастырылып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасалды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Мұндай кездесулер жас мамандардың болашаққа деген сенімін нығайтып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал етеді.




