Қазақстандықтар бұрынғыдан да ұзақ өмір сүре бастады. 2025 жылы елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке айналды.
Салыстыру үшін, 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жас болса, 2001 жылы тіпті 65,6 жасқа дейін төмендеген. Кейінгі жылдары жағдай біртіндеп жақсарып, 2011 жылы – 68,98 жасқа, 2021 жылы – 70,23 жасқа жетті. Бүгінде бұл көрсеткіш 8 жылдан астам уақытқа ұлғайып отыр.
Мұндай оң өзгерістердің басты себептерінің бірі – созылмалы, яғни инфекциялық емес аурулармен күрестің күшеюі. Соның нәтижесінде Қазақстан 2025 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде өлім-жітімді 25%-ға қысқартқан елдердің қатарына кірді.
Бұл – медицина саласындағы реформалардың, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруының нақты нәтижесі. Ендігі мақсат – 2029 жылға қарай қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу.




