Инвестиция – кез келген қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың басты тетіктерінің бірі. Экономиканың қарқынды дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және инфрақұрылымның жаңаруы тікелей инвестициялық белсенділікке байланысты.
Осы орайда инвесторлармен 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық көрсеткіштер мен 2026 жылға арналған жоспарларды талқылау мақсатында маңызды жиын өтті. Кездесу барысында өткен жылдың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47,6 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 87,5% болды. Бұл көрсеткіштер белгілі бір өсім бар екенін көрсеткенімен, инвестиция тарту қарқынын арттыру қажеттігін де аңғартады. Ал 2026 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 27,6 млрд теңге болып белгіленді.
Жиын барысында қаланың дамуы үшін аса маңызды бірнеше инвестициялық жоба қарастырылды. Солардың бірі – «Ұлытас-20» ЖШС жүзеге асырып жатқан асфальт-бетон зауыты. Жобаға 2 млрд теңге инвестиция тартылып, мемлекет тарапынан 5 гектар жер учаскесі бөлінген. Сонымен қатар, құны 398 мың АҚШ долларын құрайтын ұсақтау кешені сатып алынған, қазіргі таңда оның жеткізілуі күтілуде. Зауытты іске қосу 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Тағы бір маңызды жоба – «Ulytau Dala» ЖШС қолға алған күн электр станциясы. Бұл жобаға 750 млн теңге инвестиция бөлініп, өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін бермек.
Сонымен қатар, «Ulytau Osetr» ЖШС бастамасымен рекреациялық акваөсіру және балық шаруашылығы жобасы ұсынылды. Жобаны жүзеге асыру үшін 28 гектар жер учаскесінің схемасы әзірленген. Қазіргі таңда инвестициялық мәртебе алу мақсатында қажетті құжаттар өңірлік үйлестіру кеңесіне ұсынылған. Алдағы уақытта инвесторларға инвестициялық преференциялар беру, соның ішінде заттай гранттар мен жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жалғасады.
Жиын қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған инвестициялық жоспарды қайта қарау, инвестиция көлемін ұлғайту және жаңа жобаларды тарту арқылы қаланың экономикалық тартымдылығын арттыру міндеті қойылды.
Қорыта айтқанда, инвестиция тарту – тек экономикалық өсімнің ғана емес, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттырудың, қаланың болашағын айқындаудың негізгі факторы. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.




