Ол соғысты әскерде жүріп қарсы алды. Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген еді. Соғыстың суық ызғары сезіліп те тұратын. Еуропаның кейбір елдерін Германияның жаулап алып жатқаны, Кеңес елінің шекарасына жақындай түскені жауынгерлер арасында алаңдаушылық тудырмай қоймайтын. Бірақ, екі елдің арасындағы Келісімге қол қойылғанын естігенде, иықтарынан ауыр жүк түскендей бір жеңілдеп қалып еді. Амал не, Гитлер сұм алдап соқты. 1941-дің 22-маусымында соғыс өрті бұрқ ете қалды. Әбілхамит Жүнісов те мыңдаған, миллиондаған көппен бірге Отан қорғау сапынан табылды.
Қазір Әбекең арамызда жоқ. Оның өмірден озғанына да отыз жылға тақап қалды. Бірақ, өзі өмірден өткенмен, соңында ізі қалды. Ең бастысы, ол соңына бейбіт те ашық аспан қалдырып кеткен ұрпақтың өкілі еді. Сонысымен де асқақ, сонысымен де қадірлі, сонысымен де Мәңгілік құрмет иесі. Ол соғыс уақытында еліне – қорған болса, бүгінгі һәм ертеңгі ұрпағына – мақтан.
Ауыл баласы шаруаға мығым келеді. Әбілхамит та солай өсті, ерте жетілді, еңбекке де ертерек араласты. Колхоздың сан салалы шаруасының белортасында жүрді. Әскерде де тындырымды жауынгерлердің бірі болды.
-Әкеміз соғыс тақырыбын қозғауға құлықсыздық танытатын, көп айта бермейтін. Кейін байқасам, бұл жалпы майдан даласынан оралғандардың көпшілігіне тән қасиет екен. «Соғыс деген – алапат тажал. Адамның айуанға айналғанын көзіміз көрді. Енді қайтып соғыс болмасын, сендер де, сендерден кейінгілер де ондай пәлекетті ешқашан көрмесін» деп отыратын – деп еске алады әкесі туралы ұл –қыздарының бірі Гүлнаш Әбілхамитқызы.
Ұлы Жеңістен соң тағы да бір жыл әскер қатарында болып, Әбілхамит Жүнісов елге 1946 жылы ғана оралды. Бейбіт өмірге не жетсін?! Өмірлік жары Дәрікүлді жолықтырды. Екеуі де қарапайым еңбек адамы болды. Құдайдың берген ұл-қызын өсіріп, жетілдірді.
-Біз алты ағайындымыз. Екі ұл , төрт қыз. Әке – шешеміз тәрізді біз де адалдықтан аттамай, нанымызды адалынан жегенді бәрінен артық санадық. Әке –шешеміздің тәлім –тәрбиесі солай болды – деген Гүлнәштан бауырлары туралы кеңірек айтуын өтіндік. Сөйтсек…
Үйдің үлкені , өкінішке қарацй, қазір қайтыс болып кеткен Сағынай –жүргізуші болса, Баһарайым – әртүрлі салада, Зүһрайым – кітапханашы, ал, Гүлнаштың өзі дәрігер болып еңбек еткен екен. Ал, Сақтаған мен Гүлбадан кеншілік жолды қалапты. Неге? Өйткені, Әбекең 1967 жылдан бастап 1988 жылға шейін кен өндірісінде тер төгіп, содан еңбек демалысына шыққан болатын. Кен өндірісінде жүріп «Еңбек ардагері» атанды. Ол өзін «кеншімін» деп атайтын. Қара шаңырақ Қарсақбайдың тумасына бұл сөз жарасып та тұратын. Ал, бұлардан өрбіген ұрпақ қаншама? Олар қазір еліміздің әр қиырында өздеріне лайықты санаған кәсіптерін дөңгелетіп жүр. Осының бәрі ненің арқасы? Әрине, осыдан 80 жыл бұрын Жалауы желбіреген Ұлы Жеңістің! Сол Жеңісті жақындатқандардың бірі – Әбілхамит Жүнісов болатын. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» деп, ұлы Абай айтқандай, Әбекеңдерді де өлді деуге болмайды. Өйткені, олардың ерлік жолдары ешқашан жоғалмайды. Сол ерліктің айғақтары іспетті «II- дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Георгий Жуков» жән т.б. медальдарын ұрпақтары әкелерінің көзіндей көріп қастерлеп, сақтап отыр.
Уақыт қанша алға жылжығанмен, әкелердің ерлік істері әрқашан ұрпақ жадынан ұмыт болмақ емес.Кейінгілерге бейбіт күнді сыйлап кеткендердің бірі Әбілхамит Жүнісов екені , оның өз ұрпақтарына мақтаныш болса, сондай ерлердің рухын құрметтеу баршамыздың міндетіміз болып қала беретіні анық.
Абдолла Дастанов.
Сәтбаев қаласы.