Қалаға кіреберіс – кез келген елді мекеннің бет-бейнесін айқындайтын маңызды кеңістік. Дәл осы жерден тұрғындар мен қонақтар қала туралы алғашқы әсерін қалыптастырады. Сондықтан кіреберіс аумақты көркейту, оны заманауи әрі тартымды ету – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Жасыл дәліз» жобасы – қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Жоба аясында қала кіреберісінен бастап PETROL жанармай бекетіне дейінгі аумақ толықтай абаттандырылады. Бұрын өндірістік сипаттағы қарапайым кеңістік болған бұл аймақ енді жасыл желекке оранып, экологиялық тұрғыдан да, эстетикалық жағынан да жаңа деңгейге көтеріледі. Жол бойы көгалдандырылып, арнайы жоспар бойынша бірнеше бөлікке бөлініп отырғызылады.
Жалпы аумақ үш негізгі секторға бөлініп, әрқайсысында түрлі ағаш түрлері егілмек. Атап айтқанда, 400 түп қарағаш, 200 дана ақ терек, 400 дана ясень, 284 дана айлант және 200 дана платан отырғызу жоспарланған. Барлығы 1 484 түп ағаш егілмек. Бұл – қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам.
Сонымен қатар, жасыл желектің сапалы өсіп-жетілуін қамтамасыз ету үшін заманауи суару жүйесі орнатылады. Бұл жүйе ағаштардың уақытылы суарылып, күтімнің тиімді жүргізілуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде отырғызылған көшеттердің өміршеңдігі артып, жасыл аймақтың ұзақ мерзімді сақталуы қамтамасыз етіледі.
«Жасыл дәліз» жобасының басты мақсаты – өндірістік аймақ пен қала арасындағы шекараны табиғи жасыл белдеумен көмкеру. Бұл тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, ауаның сапасын жақсарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру тұрғысынан да маңызды.
Қорытындылай келе, «Жасыл дәліз» – қаланың экологиялық мәдениетін арттырып, оның заманауи әрі тартымды келбетін қалыптастыратын жоба. Мұндай бастамалар арқылы біз таза, жасыл әрі өмір сүруге қолайлы қала құру жолында нақты қадамдар жасап келеміз.




