Бүгін облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдеріне арналған «Медиация – жастар ортасында сындарлы диалог құру және қақтығыстарды шешу құралы» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шара барысында медиация орталығының үйлестірушісі Г.Р. Ғатиятова қазіргі таңда бір-бірін тыңдай білу, ашық диалог орнату және даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығы туралы кеңінен айтып өтті. Ол медиацияның қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы рөлін атап өтіп, түсіністік пен өзара құрметтің маңызын жеткізді.
Семинар интерактивті форматта ұйымдастырылып, теориялық мәліметтермен қатар практикалық тапсырмалар да қамтылды. Қатысушылар түрлі жағдаяттарды талдап, медиация тәсілдерін іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай кездесулер жастар арасында өзара сыйластық мәдениетін қалыптастырып, тиімді қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, кез келген қақтығысты диалог, құрмет және бір-бірін тыңдай білу арқылы оң шешуге болатынын көрсетеді.




