Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Сәтбаев қаласында биыл да айрықша сән-салтанатымен, кең ауқымда аталып өтті. Халқымыздың бірлігі мен татулығын, ізгілік пен берекесін айшықтайтын рухани құндылықтарға толы мерекеде қала тұрғындары ұлттық киім киініп орталық алаңға ағылды. Жағалай тігілген киіз үйлерде ақ дастархан жайылып, қонақжайлық дәстүр паш етілді. Көпшілік қауым арқан тарту, қазақ күресі секілді ұлттық ойындарға қатысып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, ата-баба мұрасымен қайта қауышқандай болды.






Наурыздың думанын Алматыдан арнайы келген өнер жұлдыздары арттыра түсті. Танымал жүргізушілер Ғалымжан Кеңшілік пен Перизат Алпыс концерттік бағдарламаның тізгінін ұстап, сахнаның сәнін кіргізді. Ән әлемінің жарық жұлдыздары – Нұржан Керменбаев, Бауыржан Ретбаев, Әсет Есжан және "Жұмыр қылыш" тобы әсем әндерімен көрермен ықыласына бөленді. Әсіресе, "Батырлар" акробатикалық тобы ұсынған әсерлі композициялық қойылым көпті тәнті етіп, таңдай қақтырды. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашып, жыр-термелерін төгілтіп, мерекелік көңіл-күйді асқақтатты. Бұл күнгі іс-шараларда қазақы болмыс пен мәдениеттің мәйегі айқын сезілетін ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен дәріптелді. Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев құттықтауында ел бірлігі мен татулығының маңыздылығына ерекше тоқталды.
— Көктемнің шуағымен бірге келетін ұлы мереке – Наурыз құтты болсын! Әр шаңыраққа шаттық, әр жүрекке жылулық, әр отбасыға амандық тілеймін. Ақ мол болсын, ырыс-несібе арта берсін, елімізде тыныштық пен татулық мәңгі орнасын! — деді шаһар басшысы. Мереке аясында ұйымдастырылған «Үздік киіз үй» байқауы да өз мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Қалалық емхана, Жастар орталығы, Электр желілері кәсіпорыны мен Білім бөлімі үшінші орынды иеленсе, тау-кен шахталары жабдықтары зауыты мен Кәсіпкерлер бірлестігі екінші орынға тұрақтады. Ал, Батыс Жезқазған кеніші бірінші орынды жеңіп алса, Жылу, сумен жабдықтау кәсіпорыны бас жүлдеге лайықты деп танылды. Сонымен қатар, «Баталы елге бақ қонар» фестиваль-сайысының жеңімпаздары да салтанатты түрде марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына қала әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы сыйақылары табысталды. Мерекелік думан осылайша ел есінде ұзақ сақталатын жарқын сәттерге ұласты.




