Республика күні – Қазақстан халқы үшін ең қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн еліміздің тарихында ерекше орын алады, себебі ол – халқымыздың азаттыққа қол жеткізіп, егемен мемлекет ретінде қалыптасуының бастауы. Республика күні – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің және бірлігіміздің нышаны.
1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат еліміздің болашағын айқындап, тәуелсіздікке бастар алғашқы қадам болды. Дәл осы күннен бастап Қазақстан өз тағдырын өзі шешуге, ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізуге құқық алды. Сондықтан Республика күні – қазақ елінің мемлекеттілік жолындағы жаңа дәуірінің бастауы деп саналады.
Егемен ел болу – ұлт үшін үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздік пен мемлекет құру жолында талай қиындықтар мен сынақтардан өттік. Дегенмен, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында Қазақстан қысқа уақыт ішінде дамыған, беделді мемлекетке айналды. Бүгінде еліміз әлем мойындаған тәуелсіз республика ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп отыр.
Республика күні – өткенге тағзым, болашаққа сенім. Бұл мереке әрбір қазақстандықтың бойында отансүйгіштік сезімін арттырып, елге деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті нығайтады. Біз үшін бұл күн – ата-бабалар арманының орындалған сәтін еске түсіретін қасиетті мереке.
Республика күні – елдігіміздің бастауы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Осы мерекенің мәні мен мағынасын түсіну – әрбір азаматтың парызы. Егемен еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, халқымыздың бірлігі мен бақыты мәңгі жасай берсін!
