Есімі елге танымал жиһанкез қария Сәрсенбай Оспанұлы Қотырашов 2 наурыздан бері Еуропа елдерін жаяу аралау сапарын бастап кетті. Бұл - оның осындай төртінші сапары.
Бұған дейін ең алдымен Қазақстанды жаяу аралап, жарты жылда 8 мың шақырымды жүріп өткен ақсақал 2023 жылы Атыраудан Астраханға өтіп, одан әрі Кавказды, Грузияны артқа тастап, Түркияға табан тіреген еді. Ал, 2024 жылы Ресейдің Алтай өлкесінен басталған ақсақалдың сапары Моңғол елі арқылы Қытайдың астанасы Пекинге шейін жеткен болатын. Енді, міне, биылғы сапарында ол кісі Еуропаның бірқатар елдерін басып өтіп, Франция астанасы Парижге жетуді жоспарлаған көрінеді.


Сәрсенбай ақсақал қазір Сербия елін кейін қалдырып, Венгрияға жетті.
Жасы 77 – ге қараған ақсақал күн сайын 35-40 шақырым жүріп өтуді шыбын шаққан құрлы көретін емес. Құдайдың берген қуаты деген сол шығар! Ол кісінің бұл сапарларын көрген, кездескен әлем жұртшылығы қазақтың қандай қайсар да қуатты халық екеніне таңдайларын қағып, тамсана қарап жатыр. Әйтпесе, қай елдің қариясы осынша жасқа келгенде әлемді жаяу аралап жүр дейсіз?
Сәрсенбай ақсақал халқымыз Референдумға дауыс беретін күні ежелгі Мадиярлар елінде болатын сыңайлы. Сол жерден өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.
Абдолла Нұртауұлы




