Ел халқы өзінің жаңа Конституция жобасымен танысып, ой – пікірлерін ортаға салып, тұжырымдарын түйіндеп жатыр. Маңызы зор саяси науқанға жүрдім – бардым қарауға болмайды. Өйткені, ертеңгі референдумда қандай таңдау жасаймыз, болашақ бағытымыз да соған орай қалыптасатын болады.
Референдум – халықтың өз тағдырын өзі айқындайтын маңызды тарихи сәт. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел дамуының жаңа кезеңін бастайтын басты құжат.
Референдум арқылы әрбір азамат өз таңдауын жасап, мемлекет болашағына тікелей ықпал етеді. Бұл – жай ғана дауыс беру емес, бұл – жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің көрінісі. Міне, осыны әрқайсымыздың түсіне білгеніміз жөн. Азаматтық жауапкершілік пен белсенділік таныта білген абзал.
Жалпыұлттық референдумға шығарылған Конституция жобасы Әділетті қоғам құру; Заң үстемдігін күшейту; Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайту; Билік пен халық арасындағы байланысты жақсарту және т.б. оң өзгерістер болғанын көздейді. Ал, қоғам алға даму үшін осындай өзгерістердің еліміздің басты құжатында көрініс тапқаны ертеңге деген сенімділікті арттыра түспей ме?
Сайып келгенде, референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың нақты қадамы болып табылады. «Әрбір дауыс – маңызды» деген жай ғана ұранды сөз емес. Шынында да, солай. Өйткені, әрбір таңдау – ел ертеңіне қосылған үлес.
Болашақ – өз қолымызда!
Белсенді болайық, саналы таңдау жасайық!
Шолпан Жангаскинова,
Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты.




