Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетті. 1991 жылдан 2025 жылға дейінгі демографиялық деректерді талдау елдегі халық денсаулығы мен өмір сапасының айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік кезеңіндегі ең жоғары деңгей ретінде тіркелді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күтілетін өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда төмен болды: 1991 жылы – 67,6 жас, 2001 жылы – 65,6 жас, 2011 жылы – 68,98 жас, ал 2021 жылы – 70,23 жас. Осылайша, соңғы үш жарым онжылдықта көрсеткіш 8 жылдан астам уақытқа артты.
Бұл өсімнің негізгі факторларының бірі – инфекциялық емес аурулармен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі шаралар. 2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде осы аурулардан болатын өлім-жітімді 25%-ға төмендеткен елдердің алғашқы ондығына енді.
Жалпы алғанда, бұл нәтижелер денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді. Алдағы уақытта Үкімет 2029 жылға дейінгі тұжырымдама аясында күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.




