АСТАНА. KAZINFORM – Ертең Қызылорда шаһарында Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайтың бесінші отырысы өтеді. Осыған орай Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменовті сөзге тартып, аталған институттың қоғамдағы орнына, алдағы алқалы жиында қаралуы мүмкін мәселелерге қатысты пікірін білген едік.

Фото: Kazinform
- Әлихан Мұхамедиялы, Ұлттық құрылтайдың қазіргі қоғамдағы орны қандай?
- Заманауи мемлекеттерде халықтың мұң-мұқтажы мен ұлт мүддесін заң қабылдарда ескеретін ең жоғарғы өкілетті орган – Парламент. Дегенмен, Парламенттегі пікірталастар мен құндылықтар қайшылығынан кейде олар жасампаздықтан гөрі саяси бәсекелестікке ауып кетеді. Осы орайда әлемде атқарушы биліктің қоғамдағы түрлі топтардың мүдделерін ескеретін, ағымдық саясаттан гөрі ұзақ мерзімді ел дамуына бағытталған сұрақтарды талқылайтын алқалы, кеңесші органдар құру тәжірибесі бар.
Партиялары құндылықтар мен бағдарламаларға негізделген, кәсіби ассоциациялары экономикадағы түрлі топтар көзқарасын жеткізетін, кәсіподақтары әлеуметтік әріптестікті жоғарғы деңгейге көтере алатын мемлекеттер бар. Ал осындай институттары әзірге толық қалыптаспаған біздің елдерде ахуал – басқаша, кейде ағымдық шешімдер қабылдауда да қосалқы ақылдастар, кеңесші органдар қажет.
Осы тұрғыда Президенттің құрылтай құру бастамасы - бір жағынан ұлттық дәстүрімізден бастау алса, екінші жағынан - заманауи қажеттіліктен туындаған тың құбылыс.
- Құрылтайдың тиімді қоғамдық механизмге айналуы неге байланысты?
- Иә, кез келген алқалы ұйымдар сияқты Ұлттық құрылтай да дамып, жаңа тетіктері іске қосылуда. Ал оның тиімділігі құрылтай мүшелеріне де, оның жұмысын ұйымдастыратын мемлекеттік аппаратқа да байланысты.
Ең басты фактор - Президенттің құрылтайдан не күтетіндігі. Құрылтай мүшелері пікірі шешім қабылдауда қажет пе, әлде ұзақ мерзімді басымдықтарды айқындаған кезде ме? Оның мүшелерінің пікірі қазіргі ахуал бойынша қоғамдағы түрлі топтар пікірін білу үшін маңызды ма, әлде болашаққа стратегиялық жоспар құруда құнды ма?
Әрине, құрылтай жұмысына қатысты қоғамның пікірі – азаматтардың одан не күтетініне де байланысты. Ұлттық құрылтай – Қазақстанның мемлекеттік басқаруындағы жаңа құбылыс. Оны ұтымды пайдаланса, елге де, Президентке де тиімді.
- Ертеңгі құрылтайда конституциялық реформалар талқылануы мүмкін бе?
- Құрылтай өтетін күн Президенттің Конституциялық реформалар жұмыс тобымен кездесуінен кейін жарияланғандықтан, көпшілік онда осы тақырып та талқыланады деп күтуде.
- Онда осы конституциялық реформалар жөнінде не ойлайсыз?
- Реформа құндылықтар мен бағдарламаларға негізделген, ұлт мүддесін терең түсінетін партиялар қалыптасуына серпін береді деп үміттенеміз.
Бір палаталы Парламентке өту - толғағы жеткен қажеттілік. Осыған ұқсас ұсыныстарды белсенді азаматтар, саяси күштер 20 жылдан астам уақыт айтып келеді. Кезінде мен де Конституция жобасын ұсынып, оның ішінде бір палаталы Парламент қажеттілігін негіздеген едім. Ендеше, бұл бастамасы арқылы да Президент "халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" үлгісін көрсетіп отыр.
Екінші жағынан, Қазақстан тарихында мұндай терең реформалардың бір жыл бұрын жарияланып, кең талқылануы болған емес.
Әрбір референдум, әрбір сайлау - азаматтық мектебі. Бір жыл бойы азаматтар мемлекет тағдырына қатысты терең де күрделі сұрақтар төңірегінде өз ойларын ортаға салып, ұсыныс жасау мүмкіндігіне ие.
Сонымен бірге, Президент атап өткендей, бір палаталы Парламентке өту - тек Парламент өкілеттілігіне қатысты емес, Конституциядағы көптеген мемлекеттік институттардың - Президенттің, Үкіметтің, жергілікті билік өкілеттіліктеріне де қатысты өзгерістерді талап етеді.
- Конституция мәтініне қатысты не айтар едіңіз?
- Біріншіден, 30 жыл ішінде қазақ тілі дамып, қолдану аясы кеңеюде. Конституцияның қазақ тіліндегі түпнұсқасына лингвистикалық талдау жасап, бірізділікті қамтамасыз ететін уақыт жетті.
Мысалы, «хақ» сөзі және оның туындылары Конституцияда 19 рет, «құқық» пен оның туындылары - 127 рет кездеседі. Олар кейде бірін-бірі алмастыратын сөз ретінде де пайдаланылған, тіпті басқа мәнде де. Менің ойымша, адам мен азаматқа қатысты - "хақ", жүйелер мен мемлекеттік құрылымға қатысты тұстарда - "құқық" сөздерін пайдаланса орынды болар еді.
Екіншіден, Конституцияда сот төрелігіндегі лауазымды "судья" деп атаған. Судья сөзі негізгі заңымызда болғанымен, қазақ тілі қолданысына енбеген. Онда оны төл сөзімізбен алмастырғанымыз абзал.
Сондай-ақ, Конституцияда ауыл, аудан, облыстағы жергілікті атқарушы билікті Президент пен Үкімет өкілі болып табылатын әкім басқарады деп көрсетілген. Ал ауыл, аудан әкімдері сайланбалы болған жағдайда бұл норма қалай нақтыланбақ? Бұл да – назар аударатын сұрақ.
Үшіншіден, Конституцияда "Қазақстан Республикасы" мен "Қазақстан" тең қолданылады деп жазылған. Онда Конституцияда ел атауының латын харпіндегі нұсқасы айқындалғаны дұрыс.
Төртіншіден, бір палаталы Парламентке көшуге қатысты да назар аударарлық екі мәселе бар.
- Қандай?
- Біріншіден, егер бір мандатты округтар болмаса, партиялық тізімдер қалай жасақталуы тиіс?
Әлемдік тәжірибеде бұл түрлі формада жүзеге асырылады: кейбір мемлекеттерде партиялық тізім сол аймақта партия ұсынған адамдардан жасақталады, жергілікті тұрғындар да өздері білетін адамдарды ескере отырып, дауыс бере алады. Кей жағдайларда партиялар нақты бір округке бір адамды ұсынады.
Екіншісі, бір палаталы Парламентте қанша депутат болуы керек? Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Парламент заң шығару мен өкілеттік функцияларын тиісті деңгейде жүзеге асыруы үшін оның комитеттері жеткілікті түрде мамандануы шарт.
Осындай өзгерістер ұлттық мүдде үшін жұмыс жасайтын, тепе-теңдік пен тежеуіш күштерді қамтамасыз ететін Парламент қалыптастырады.
Сонымен қатар Конституцияда мемлекеттің басты мақсаты халыққа қызмет ету екендігі анық көрсетілуі тиіс. Осы ретте 2011–2012 жылдары "мемлекет халыққа қызмет етеді" деген ұғым талқыланып, бастапқыда қарсылыққа ұшыраған. Нәтижесінде «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» деген қораштау атаумен заң қабылданды.
Түптеп келгенде, Ата заңымыз ел әлеуетін ұлт мүддесіне жұмсайтын жүйе құруға бағытталуы қажет.
Айта кетейік, Қызылордада Ұлттық құрылтай басталды.
Тегтер:
Ұлттық құрылтай
Саяси реформа
Саясат
Марлан Жиембай




